Жаңалықтар

ҚМДБ дипфейкке қатысты пәтуа шығарды

Технология әділет пен адамгершілікке негізделуге тиіс/фото: shutterstock,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дипфейкке қатысты пәтуа шығарды.

Дипфейк – жасанды интеллектіні қолдану арқылы видео жасау технологиясы. Яғни, кез келген дауысты бұрмалап, мимика қосып, адам айтпаған сөздерді қосу.

Діни басқарманың мәлімдеуінше, ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайды. Алайда бұл даму әділет пен адамгершілікке негізделіп, шариғат аясында жүзеге асуға тиіс.

«Кез келген технологияны игі мақсатта қолдануға рұқсат, ал зиян келетін мақсатта қолдануға тыйым салынады», – делінген діни басқарма шығарған пәтуада.

Deepfake әдетте өзгеге зиян келтіру мақсатында пайдаланылады. Мұндай контент адамды қорқытып, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Шариғатта адамды қалжыңдап та қорқытуға тыйым салынған, дейді мамандар.

«Дипфейк арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекетін істегендей етіп жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта тыйым салынады», – деген шешімге келген діни басқарма мамандары.

Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ коллаген ішуге қатысты пәтуа шығарды. Соған сәйкес шошқадан алынған коллаген харам саналады. Сиыр, қой секілді еті желінетін әрі шариғатқа сай сойылған жануар мен құстардан алынған коллагенді қолдануға болады