
Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігу үшін 16 мыңға жуық сотталғаннан өтініш түскен. Бұл туралы ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.
Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылды, ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар. 11 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқарды.
Пробация есебінде тұрған 2 888 адам жазадан босатылып, 7 600-ден астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
Рақымшылыққа кәмелетке толмағандар, баласы бар әйелдер, жүкті әйелдер, мүгедектер және қарт адамдар ілікті.
«Босатылған барлық адам пробация қызметінің тұрақты бақылауында болып, полицияның жеке есебіне қойылды»,- делінген ақпаратта.
Комитет бостандыққа шыққандарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету бойынша кеңес беріліп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық, экстремистік немесе террористік сипаттағы қылмыстарды жасаған адамдар, кәмелетке толмағандарды зорлаған, адамдарды азаптаған және қылмысты қайта жасаған рецидивистерге рақымшылық туралы заң қолданылмады.
2025 жылдың маусымында 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланған.