
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқитын үндістандық студент әлеуметтік желіде әлдекімдер Шымкенттегі «Қырғы базарында» ұялы телефонын тартып алғанын хабарлап, видео таратты. Полиция оқиғаға қатысты Әкімшілік кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен іс қозғалғанын мәлімдеді.
Оқиғаның мән-жайы
Қалалық полиция департаментінің дерегінше, базарда шетел азаматы мен күзетшілердің арасында жанжал болған. Оған шетелдік студенттің әлеуметтік желідегі парақшасына бейнежазба жариялау мақсатында видео түсіргені себеп болған. Ол базар ішіне кіріп, сауда орындарының жанына барып музыканың дауысын қатты шығарған. Сатушыларлардың келісімінсіз оларды видеоға түсірген. Сатып алушыларға қолайсыздық тудырған. Сатушылар оған ескерту берген, бірақ қазақша түсінбегендіктен өз әрекетін тоқтатпаған.
«Сатушылар бейнетүсірілімді тоқтатуды және музыканың дыбысын азайтуды сұраған. Тоқтатпаған соң базар күзетіне жүгінген. Одан әрі тараптар арасында ауызша жанжал туындап, ол қоғамдық тәртіптің бұзылуына ұласқан» делінген полиция хабарламасында.
Іс сотқа жолданды
Полиция аталған құқық бұзушылыққа қатысты күзетшілер ұсталғанын, оларға қатысты Әкімшілік кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен іс қозғалғанын хабарлады.
Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады. Дегенмен қалалық сот мәліметінше, оқиғаға қатысты іс сотқа әлі түспеген.