
Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв Армения мен Орталық Азияны Ресейдің ықпал аймақтары деп атады.
Олардан «айырылу» ұлттық қауіпсіздік үшін түйткіл болатынын айтты. Бұл туралы ол 10 қаңтарда эфирге шыққан «Соловьёв Live» бағдарламасында мәлімдеді.
«Біз қазір Сириямен де, Венесуэламен де айналыспауымыз керек. Әрине, өз позицияларымызды жоғалтпауымыз қажет. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – жақын шетелдер. Біз үшін Арменияда болып жатқан жағдай Венесуэладағы жағдайдан әлдеқайда ауыр. Армениядан айырылу – нағыз үлкен мәселе. Біздің Азиядағы, Орта Азиядағы, Орталық Азия деп аталатын аймақтағы проблемалар біз үшін аса үлкен түйткілге айналуы мүмкін», – деді Соловьёв.
Оның айтуынша, Ресей халықаралық құқыққа да, халықаралық тәртіпке де «түкірген». Соловьев «Ресей ұлттық қауіпсіздігі үшін Украина аумағында АӘО бастау қажет болса, неге сол операцияны ықпал аймағындағы басқа өңірлерде де бастауға болмайды?» деп таңырқайды.
«Мүмкін, біз ұлттық доктринамызды қалыптастырып, ықпал ету аймағымыздың қай жерге дейін созылатынын нақты айтуымыз керек шығар. Сонда бәрі түсінікті болады», – деді тележүргізуші.
Владимир Соловьёвтің бұл мәлімдемесіне байланысты Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Мұның алдында ресейлік тележургізуші Тина Канделаки де Қазақстанға шүйліккен еді.