Жаңалықтар

TikTok-тағы мұғалім: еліміздегі үздік педагогтер марапатталды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

TikTok платформасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізілген кезекті «Қазақстан мұғалімдері» байқауының қорытындысын шығарды.

«Қысқа бейнероликтерді жасау және көру бойынша TikTok жетекші платформасы жыл сайын ұйымдастыратын #Қазақстан мұғалімдері байқауының қорытындысын жариялады. Биыл бастама төртінші рет өткізіліп, Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдерін, колледж оқытушыларын және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын біріктірді. Байқау педагогтардың цифрлық ортада білім берудің жаңа форматтарын дамытудағы маңызды рөлін айқындап, білім беру үдерісінің қызықты, қолжетімді әрі заманауи бола алатынын көрсетті», делінген хабарламада.

Жоба Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл цифрлық білімнің және аудиториямен өзара әрекеттесудің жаңа тәсілдерінің маңыздылығын көрсетеді.

Байқау жеңімпаздары

Байқау қорытындысы бойынша аудиториядан ең жоғары қолдау тапқан, мазмұны сапалы, әдістемелік тұрғыдан құнды әрі креативті ұсынылған оқыту бейнелерінің авторлары анықталды.

Мирлан Джусамбаев (@physicsphenom), Тараз қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі. Ол өз бейнероликтерінде күрделі физикалық құбылыстарды көрнекі тәжірибелер мен визуалды мысалдар арқылы түсіндіреді. Оның контенті оқушылар мен студенттерге ғылымнан қорықпай, пәнге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мирлан «TikTok-та үйрен» номинациясының жеңімпазы атанды. 

Мәди Райымбек (@raiymbek.math), Шымкент қаласындағы №25 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі. Ол қазақ тіліндегі бейнероликтерінде логикалық есептер мен күрделі тапсырмаларды шешу жолдарын жүйелі әрі түсінікті түрде ұсынады. Контент оқушылардың аналитикалық ойлауын дамытуға бағытталған және бақылау жұмыстары мен емтихандарға дайындалуда тиімді көмек көрсетеді.

Әсем Рахимова (@rakhimovaassem), Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі. Педагог күрделі химиялық тақырыптарды музыкалық және креативті форматта түсіндіруімен ерекшеленеді. Әсемнің ең танымал бейнероликтері «APT» (ROSE & Bruno Mars) әні және «Базовый минимум» трегі негізінде жасалған. Ол химиялық байланыстың базалық ұғымдарын қарапайым тілмен жеткізіп, негізгі принциптерді меңгеру арқылы кез келген химиялық реакцияның логикасын түсінуге болатынын көрсетеді.

Байқау қорытындысы бойынша әрбір жеңімпазға iPhone 17 смартфоны табысталды.

Жоба жайлы

TikTok платформасында «Қазақстан мұғалімдері» байқауы төрт жыл қатарынан ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында қазақ және орыс тілдерінде шамамен 100 мыңға жуық танымдық бейнеролик жарияланды. Контент авторлары қысқа форматтың күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге, сондай-ақ әртүрлі жастағы аудиторияны қызықтыруға мүмкіндік беретінін іс жүзінде дәлелдеді. Алдыңғы жылдардың жеңімпаздары — Ботагөз Омарова, Хайдар Мурзахметов, Байболат Сейдахан, Евгений Солоницын және басқа да педагогтар көрермендердің кең қолдауына ие болып, олардың бейнероликтері ондаған, тіпті жүздеген мың қаралым жинады.