Жаңалықтар

2025 жылы елде ашылған ірі өндірістердің артында шетел мүддесі бар

Қазақстан мен Қытай
фото: shutterstock

2025 жылы елде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Үкімет мәліметінше, жүзеге асырылған жобалар 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, 841 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Kursiv.Media солардың ішінде шетел ақшасымен ашылған немесе капиталының қатысы бар кәсіпорындарды атайды.

фото: Astana Motors

Қытай көліктерін шығаратын зауыт

Былтыр республикада ашылған өндірістердің ішіндегі ең ірісі – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan. Машина жасаумен айналысатын кәсіпорын Алматы қаласында орналасқан. Оған 182 млрд теңге инвестиция тартылған.

Бір жылда 120 мың жеңіл автокөлік шығара алатын зауытта 3 600 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында Chery, Changan және Haval қытай брендтерінің жеңіл автокөліктері құрастырылады.

Зауытта Қазақстан (Astana Motors), Оңтүстік Корея (Hyundai-мен серіктес) және Қытай (негізгі жабдықтар) капиталы бар. Кәсіпорынға Қазақстан өнеркәсіпті дамыту қоры қолдау көрсеткен.

Қостанайдағы KIA шығаратын автозауыт

Екінші орындағы ірі жаңа зауыт – KIA Qazaqstan. Қостанай облысында орналасқан кәсіпорын бір жылда 70 мың автокөлік шығара алады. Оған 131,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауытта 1500 адам жұмыс істейді.

Кәсіпорынға құйылған ақшаның 90%-ы – тікелей шетел инвестициясы. Оны KIA Motors Corporation (Оңтүстік Корея) компаниясы салған.

Екібастұздағы феррозауыт

2025 жылдың аяғында ашылған үшінші ірі кәсіпорын – EkibastuzFerroAlloys. Павлодар облысында қара металлургия өндірумен айналысатын зауыт. Мұнда бір жылда 240 мың тонна ферросилиция өндіріледі.

Өндірісті ашуға 92,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауытта 800 адам жұмыс істейді.

eGov мәліметінше, Екібастұзда тіркелген ЖШС қазақ кәсіпкері Ерлан Нығматулин мен Asterium Holding AG неміс компаниясына тиесілі.

2021 жылы Қазақстан даму банкі зауыт құрылысына 72 млрд теңге несие берген.

Камаздан қалған мұра

Былтыр Қостанай облысында шетел капиталының қатысы бар тағы екі өндіріс орны ашылды. KamLitKZ компаниясы машина жасау зауыты мен жүк көліктерінің көпір діңгектерін механикалық өңдеу кәсіпорынын іске қосты.

Автозауыт жылына 74 мың дана көлік шығарады. Құйылған инвестиция көлемі – 82,5 млрд теңге. Мұнда 550 адам жұмыс істейді.

Ал екінші кәсіпорын жылына 90 мың дана жүк көлігінің көпір діңгегін шығарады. Инвестиция көлемі – 78,2 млрд теңге. Өндірісте 100 жұмыс орны ашылған.

2023 жылға дейін KamLitKZ-тің 39% үлесі ресейлік «КАМАЗға» тиесілі болған. Қазір, eGov-тың 2026 жылғы 12 қаңтарындағы мәліметінше, компанияның төрт құрылтайшысы бар. Олар:

  • «КБАЛ» – кәсіпкер Асхат Мусинге тиесілі компания;
  • «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы;
  • PowerLine Handels GmbH – австриялық компания;
  • High End Assembly Technologies Motors (HEAT Motors) – «КАМАЗдың» бұрынғы топ-менеджері Ханс-Петер Мозер мен Ирина Беловаға қатысы бар компания.

Қытай капиталымен ашылған

Осылайша 2025 жылы Қазақстанда ашылған өнеркәсіптердің ең ірілерінің шетелге қатысы бар деп айтуға толық негіз бар. Ал үкімет атаған 33 кәсіпорынның ішінде Қытай капиталымен құрылған тағы бірнеше өндіріс бар:

  • Hong Shun (химия өнеркәсібі, Алматы облысы): қуаты – жылына 200 000 тонна, инвестиция – 7 млрд теңгеден астам, 90 жұмыс орны;
  • Bir beldeu bir zhol technology (машина жасау, Түркістан облысы): қуаты – жылына 518,4 мың дана, инвестиция – 4,2 млрд теңге, 45 жұмыс орны;
  • QILU Agro (машина жасау, Солтүстік Қазақстан облысы), қуаты – жылына 1 000 бірлік техника, инвестиция – 3,5 млрд теңге, 50 жұмыс орны, қуаты – 500 трактор, 150 тіркеме техникасы, 200 аспалы техника, 150 суару жүйесі.

Үкімет жаңа өндірістер экономиканы, өңірлерді дамытуға, өнеркәсіп базасын нығайтуға үлес қосады деп есептейді.

2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімі 6,5% болды.