
Астана қалалық жедел жәрдем қызметінде 850 млн теңге талан-таражға түскені анықталды. Прокуратура мен арнайы қызмет төрт күдіктіні ұстады. Бұл туралы жергілікті баспасөз қалалық ҰҚК департаменті мәліметіне сүйене отырып таратты.
Комитеттің мәліметінше, 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясына бөлінген қомақты қаражат ұрланған. Арнайы прокурорлар жетекшілігімен мекемеаралық шұғыл тергеу тобы құрылды.
Прокуратура автокөлік бөлшектерін жарамсыз деп тану, түрлі қызметтерге қатысты жалған келісімдер жасау арқылы ақша жымқырғанын анықтаған. Соның салдарынан станцияда жұмыс істеп тұрған автокөлік саны кеміген.
Төрт қызметкер ұсталды. Олардың арасында станция директоры, орта буынға жататын екі басшы бар.
Құзырлы қызметтер шығын көлемін 850 млн теңгеге бағалады. Аса ірі көлемді қаржы жымқыру бабы негізінде қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды.