
Ирандағы халық көтерілісі барысында қаза тапқандар саны 500-ден асып кетті. Бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан HRANA адам құқықтарын қорғау ұйымы осындай мәлімет таратты.
Ұйым дерегінше, Иранда екі аптаға созылған қақтығыстар барысында 490 ереуілдеуші мен қауіпсіздік күштерінің 48 қызметкері мерт болды. Бұған қоса 10 600-ден астам адам ұсталды.
Иран билігі елдегі толқулар кезінде нақты қанша адам өлгені туралы ресми мәлімет таратпай отыр. Дегенмен, CNN телеарнасының дерегінше, Тегеран үш тәулікке созылатын аза тұту күндерін жариялады. Жергілікті билік Ирандағы толқуларды елге қарсы жасалған жаппай тәртіпсіздік деп бағалайды. Мемлекеттік Tasnim ақпарат агенттігі көтеріліс басталғалы бері қауіпсіздік күштерінің 100-ден астам қызметкері қаза тапты деп таратты.
Америкалық бір шенеуніктің Reuters-ке хабарлауынша, президент Дональд Трамп сейсенбі күні аға кеңесшісімен кездесіп, Иранға қатысты әрекетін талқылайды.
Ирандағы толқулар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған. Халық ұлттық валюта құнсызданып, бағаның көтерілуіне наразы болған. Жыл аяғында 1 доллар құны 1,42 млн риалға жеткен. Кейін баскөтерулер бүкіл елге жайылып, ол билік жүйесіне қарсы жалпыұлттық наразылыққа ұласқан.
Иран үш тәуліктен бері интернетсіз, байланыссыз отыр. Билік оны қауіпсіздік мақсатында өшіріп тастаған. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи көтерілген халықты Трамптың айтағына ерді деп айыптаған.