Жаңалықтар

Lexus дауында аты аталған Заппаров енді Түркістан полициясын басқарады

Арыстанғани Заппаров
фото: gov.kz

Арыстанғани Заппаров Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігі таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлады.

Жаңа басшыны Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров таныстырды.

Бұған дейін осы өңір полициясын басқарған генерал-майоры Мұрат Қабденов ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы ретінде жаңа қызметіне кірісті. Ал Түркістанға ауысқан Арыстанғани Расилханұлы бұған дейін Алматы қаласы полиция департаментін басқарған.

Арыстанғани Заппаров 1969 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ІІМ Академиясының Заң институтын тәмамдаған. Полиция генерал-майоры. Ішкі істер органдарында 1993 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әр жылдары Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және көліктегі полиция бөлімшелерінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

2025 жылғы қаңтарда 100 мың доллар тұратын Lexus LX 600 көлігіне қатысты дауда Заппаровтың да есімі аталған. Баспасөзде Алматы полициясы басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев Арыстанғанидің әйеліне қымбат көлік сыйлағаны туралы мәлімет жарияланған. Заппаров мәліметті жоққа шығарған. Кейін полиция жалған ақпарат тарату бабы негізінде қылмыстық іс қозғаған.