Құрылыс нарығының алпауыты – Александр Беловичтің бизнес империясы қалай құрылды

Forbes Kazakhstan тізімінде байлығы 11,1 млрд теңгеге бағаланған Александр Белович еліміздегі ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі саналады. Ол құрылыс нарығындағы ең тәжірибелі кәсіпкердің берегейі. Белович Bazis-A құрылыс компаниясы мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беруден жыл сайынғы табысын миллиондап еселеуде. Дәулеті тасыған олигарх бизнес-империясын қалай құрды, Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Ресейде қандай жобалары бар? Kursiv.media тілшісі шолу жасап көрді.
Өмірбаяны
Александр Белович 1955 жылы 19 тамызда Қырғыз ССР-інің Фрунзе қаласында дүниеге келген. Ол 1974 жылы техникумды тәмәмдап, содан кейін әскери борышын өтейді. Әскери қызметтен кейін техникалық білімі бола тұра жұмысқа алмай, болашақ миллионерге Алматыдағы үй құрылысы комбинатына жұмысшы болып кіруге тура келген. Алайда көп ұзамай лауазымы жоғарылатылып, ауқымды жобаларда жұмыс істей бастаған.
1991 жылы ол комбинат мүддесі үшін өзінің бөлімшесін тарату туралы өтініш білдіріп, жеке компания ашады. Бұрынғы әріптестерінің кейбірі оның жаңа бизнесіне қосылған.
Александр Беловичтің құрылыс империясы қалай құрылды

1991 жылы алғашында Белович өзінің әріптестерімен бірге «Базис» шағын кәсіпорынын құрады, кейіннен құрылыс империясына айналды.
1990-жылдардың ортасында Александр Белович қысқа уақытқа мемлекеттік қызметке ауысты. Сол уақытта Алматыны басқарған Шалбай Құлмахановтың орынбасары болып тағайындалады. Бірақ көп ұзамай өз компаниясына оралды. Қазір Александр Якубовичтің бизнестегі серіктесі, оның ұлы, 47 жастағы Павел Белович. Барлық негізгі активтер Павел Беловичтің атына рәсімделген.
Қазіргі уақытта Bazis-A тұрғын және әкімшілік ғимараттар, сауда және өндіріс нысандары, спорт, мәдениет және білім беру кешендері, ауыл шаруашылығы нысандары, инфрақұрылым объектілері – автомобиль және темір жолдар, бөгеттер мен жол қиылыстары, жер асты инженерлік желілері мен коммуникациялар, энергетика, металлургия, мұнайгаз кешенінің объектілері, әлеуметтік нысандарды салумен айналысады. BAZIS-А тапсырыс берушілері – мемлекеттік, шетелдік және жеке компаниялар. Жалпы BAZIS-A бүгінге дейін 16 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар, зауыттар, сауда кешендері мен көлік жолайрықтарын салған.
Корпорация салған ірі нысандардың қатарында Алматыдағы Almaty Arena спорт кешені, «Нұрлы Тау» бизнес-орталығы, Астанадағы EXPO-2017 павильоны, Қорғас-Шығыс қақпасы және тағы басқа жобалар бар.
Компания өз жобалары үшін бірнеше мәрте халықаралық марапаттарға ие болған. Жыл сайын BAZIS-A Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында жаңа тұрғын үй кешендерін іске қосып келеді.
Компанияның Ресейде – Санкт-Петербургтегі BAZIS-SPB және Өзбекстандағы Ташкенттегі BAZIS-Т филиалдары бар.
Шетелдегі жобалар
«Базис-А» корпорациясының Ресейде, Өзбекстанда және Канадада филиалдары бар. Канадада Александр Беловичтің қызы Вероника Белович тұрады, ол бұл елде білім алып, кейін сонда қалып қойған.
Ресейдегі бизнесі
2017 жылы РБК басылымы Беловичтер Санкт-Петербургтегі «Климов» зауыты аумағының бір бөлігін тұрғын үй кешенін салу үшін сатып алғанын хабарлаған. Бұл мүлікті «Базистің» ресейлік еншілес компаниясы – «Гринхаус» ЖШҚ сатып алған. Ол кезде директор қызметін Александр Игнатов атқарып, бір мезгілде «Базис-SPb» бөлімшесін де басқарған.
Аумағы 1,9 гектар болатын жер телімі 400 млн рубльге бағаланды. 2020 жылы «Коммерсант» басылымы осы жерде девелопер бизнес-класс санатындағы «Белый Остров» тұрғын үй кешенін салып жатқанын жазды. Бұған дейін компания Санкт-Петербургтің Петроград ауданында Lumiere тұрғын үй кешенін, ал Василеостров ауданында NEVA-NEVA тұрғын үй кешенін салған.
Канада мен Өзбекстанда
Канадада «Базис-А» корпорациясының мүдделерін Bazis International Inc. компаниясы білдіреді. 2011 жылы бұл компания Торонто қаласында Канаданың ірі девелоперлерінің бірі Aecon Infrastructure компаниясымен бірлескен кәсіпорынның бір бөлігіне айналды. 2021 жылы Bazis International Inc. Торонто қаласынан төрт жаңа жер телімін сатып алып, элиталық тұрғын үй кешендерін салуды жоспарлап жатқаны хабарланған.
2017 жылдан бастап Өзбекстандағы Bazis-T филиалы Ташкент металлургия зауыты аумағында әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысын жүргізді. Сол кезде компания Өзбекстандағы қызмет аясын кеңейтіп, тұрғын үй кешендерін, бизнес-орталықтарды, әкімшілік ғимараттарды, өнеркәсіптік нысандар мен басқа да инфрақұрылымдарды салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. 2023 жылы Bazis-T Ташкентте Koh Ota тұрғын үй кешенін пайдалануға берді.
Байлығы
2020 жылдан бері Беловичтер Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлері рейтингіне тұрақты түрде еніп келеді. Forbes.kz-тің 2025 жылғы қарашадағы мәліметіне сенсек, оның байлығы 11,1 млрд теңгеге жеткен. Осы дәулетімен олигархтар арасында 6-орынға жайғасты. Ал ең ықпалды бизнесмендер рейтингісінде 16 орында тұр. Басылым дерегінше, ол 96 800 шаршы метр коммерциялық жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Астанада оның меншігінде «Водно-Зеленом Бульвар» бизнес орталығы, Millenium, Q және Q2 бизнес орталықтары бар. Алматыда – «Нұрлы тау» БО-ның бір бөлігі, «Легур» және Force City бизнес орталықтары тиесілі.