Экс-министр Маржықпаевтың отбасы Бурабайдан жерді заңсыз иемденген

Ақмола облысының соты Жер ресурстарын басқару департаментінің талабын қанағаттандырып, экс-туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың отбасына қатысты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жер теліміне байланысты жасалған мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Бұл туралы Kursiv.media Nege.Aqsha Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған жер телімі бұрын экс-министрдің ағасы Ерік Маржықпаевқа тиесілі болған. Кейін, автордың жазуынша, ол бұрынғы шенеуніктің отбасымен байланысты «Береке-Бурабай» ЖШС-не өткен.
1997 жылы Дрюк отбасы Бурабай кентіндегі үйді жекешелендіріп, 0,125 га жер телімін алған. 2002 жылы бұл үй мен 0,2 га жер телімі Ерік Маржықпаевқа сатылған. Кейін бұл жер бірнеше мәрте ұлғайтылып, мақсаты қонақүй құрылысына өзгертілген. Біраз уақыттан соң шенеуніктің ағасы бұл телімді «Береке-Бурабай» ЖШС-не сатқан. Аталған жерде қонақүй салынған. 2025 жылы нысанның бір бөлігі үшінші тұлғаға сатылған. Сотта үш тарап та мәмілелердің заңды екенін дәлелдеуге тырысты.
Алайда сот бұл жер телімдері бұрыннан бері «Бурабай» ұлттық паркі аумағында орналасқанын және қазір де солай екенін айтты. Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының материалдары мен маманның түсініктемесі растады.
«Осыны ескере отырып, сот жергілікті атқарушы органдардың бұл жерлерге иелік етуге құқығы болмағанын анықтады. Демек, 2002 жылғы сатып алу-сату шарты және одан кейінгі барлық мәмілелер жер заңнамасын бұза отырып жасалған. Осы негізде олардың барлығы жарамсыз деп танылды», – делінген сот шешімінде.
Экс-министрдің ағасы туралы 2024 жылы жиі жазылды. Ол кезде Ерік Маржықпаев Ақтауда өткен Қазақстан жастар арасындағы бокстан чемпионатында судьямен төбелескен.
Еске салайық, Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі қызметінен 2024 жылы босатылды. Ол бұл лауазымда шамамен бір жыл жұмыс істеген.