Жаңалықтар

Алматыдағы тұман салдарынан Air Astana кешкі рейстері кешіктірілді

Алматыдағы тұман салдарынан Air Astana кешкі рейстері кешіктірілді / Фото: коллаж kursiv.media

Алматыдан кешке ұшатын Air Astana рейстері ауа райының қолайсыздығына байланысты кешіктірілуде. Бұл туралы авиакомпанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматыдан Airbus NEO әуе кемелерімен ұшатын Air Astana кешкі рейстері тұманға және 150 метрден кем көрінуіне байланысты кешіктіріледі. Авиакомпания осындай метеожағдайда Airbus өндірушісі енгізген ұшуға шектеу шеңберінде әрекет етеді», – деп түсіндірді авиакомпания.

Сондай-ақ, Air Astana-да рейстердің бір бөлігін орындау үшін Air Astana тобына кіретін FlyArystan лоукостерінің резервтік ұшағын іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Бұған дейін Астана халықаралық әуежайы ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшуға бірнеше рейстің кешігуі туралы хабарлаған едік.