
АҚШ конгрессмені Ренди Файн Гренландияны аннексиялап, штат статусын беретін заң жобасын ұсынды. Бұл құжат АҚШ-тың Арктикадағы ұлттық қауіпсіздігін күшейтіп, Қытай мен Ресей тарапынан өсіп жатқан қауіпке қарсы тұру мақсатында жазылған.
«Гренландия – біз елеусіз қалдыра салатын айдала жатқан бекініс емес. Ол ұлттық қауіпсіздіктің өте маңызды активі. Гренландияны бақылауында ұстаған тарап Арктиканың негізгі теңіз жолдары мен Америка Құрама Штаттарын қорғайтын қауіпсіздік архитектурасына да иелік етеді», – деді ол.
Заң жобасы АҚШ президентіне Гренландияны аннексиялау немесе оны АҚШ аумағы ретінде иелену үшін қажетті қадамдар жасауға өкілеттік береді. Сонымен қатар, құжат Конгрестен Гренландияны ресми штат ретінде біржола қабылдау үшін федералдық заңнамаға енгізілуі тиіс өзгерістер туралы толық есеп беруді талап етеді.
«Америка басшылығы ұзақ уақыт бойы әрекетсіз отырғанда, қарсыластарымыз біздің геосаяси үстемдігімізге нұқсан келтіріп бақты. Менің заң жобам отанымызды қорғайды, экономикалық болашағымызды қамтамасыз етеді және Арктикадағы ережелерді Қытай немесе Ресей емес, дәл Америка орнататынына кепілдік береді», – деп толықтырды Ренди Файн.
11 қаңтарда Трамп арнайы операциялар қолбасшылығына Гренландияға ықтимал басып кіру жоспарын әзірлеуді тапсырған. Ақ үй Ресей немесе Қытай араласпай тұрғанда, Гренландияны тез арада бақылауға алуы керек деп есептейді.