
Атырау облысында жоғалып кеткен отбасының ісінде жаңа деректер пайда болды. Енді отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға да іздеуге жариялады. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінен хабарлады.
«Полиция екі адамға халықаралық іздеуге жариялады. Ер адам қылмыс жасады деген күдікпен, ал әйел адам (Ақбаян Мұқанғалиева) хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздестіріліп жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Яғни Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл істе күдікті деген статусы жоқ. Ал оның күйеуі, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев, осы істегі басты күдікті болып отыр.

Полиция дерегінше, олар шетелге шығып кеткен болуы мүмкін. Ерлі-зайыптының бес баласы бар, қазір оларды Сұлтанның анасы қарап отыр.
«Олардың туыстарынан жоғалғаны туралы арыз түспеді. Соған қарамастан құзырлы органдар тиісті іздестіру шараларын бастады», – деп хабарлады Атырау облысы полиция департаметінен.
Еске салайық, 6 қаңтарда Атырауда жоғалған отбасындағы екі адамның мәйіті табылды. Отағасы Максот Қарабалин мен оның жұбайы Насип Өтешқалиеваның денесі өздері тұратын қораның ішіндегі жертөледе жатқан. Ал балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтың қайда екені әлі белгісіз.
Отбасына жақын адамдардың сөзінше, Сұлтан мен Ақбаян өзгелермен сирек араласқан. Бес баланың анасын тіпті туыстары да көрмеген екен. Кей ағайындары, Ақбаянның психикалық сырқаты болғанын да айтады.