Бұрын есірткі таратқаны үшін сотталғандар полициямен бірге мектептерді аралап жүр
Жарияланды

Есірткі қылмысына қарсы профилактикалық жұмысқа «закладчиктер» тартылып жатыр. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы Данияр Мейрхан орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
Сөзінше, есірткі таратқаны үшін сотталып, кейіннен бостандыққа шыққан 91 адам волонтер қатарына қосылған.
«Олар өздерінің өмірінен мысал келтіріп, жастарды есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың салдары туралы ескертіп жүр», – дейді Мейрхан.
Бұрын сотты болғандар мектептерді аралап, профилактикалық жұмыс жүргізеді. Мамандар бұл жұмыс келешекте де жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, 2025 жылы есірткіге байланысты құқықбұзушылықтар бойынша 6 426 қылмыстық іс сотқа жіберілген.