Елде әскерилердің жалақысы тағы да өсті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
военные РК
Жалақы өсірудің алғашқы кезеңі 2025 жылы басталған/Фото: Shutterstock

Елде әскери қызметкерлердің жалақысы өсті. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бір жылда офицерлердің жалақысы 23 пайызға көбейді.

2025 жылдың қаңтардан бастап офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттардың жалақысы 33,9 пайызға артқан. 1 шілдеден бастап әскери қызметшілерге даладағы жаттығу, теңіз жорығы және оқу-жаттығуға қатысқан әрбір тәулік үшін іссапар рәсімдемей-ақ 1,2 АЕК мөлшерінде төлене бастады.

Жаңа 2026 жылда жалақы арттырудың екінші кезеңі басталды. Офицерлер жалақысы тағы 23 пайызға, ал қатардағы және сержант құрамы жалақысы 10 пайызға өседі.

Одан бөлек «Отбасы банк» тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілерге арналған арнайы ипотеканы іске қосты. Бастапқы жарнасы 20 пайыз «Әскери баспана» бағдарламасы қайталама тұрғын үй нарығынан баспана сатып алуға бағытталған. Алдын ала қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 18 пайыз және тұрғын үй құнының 50 пайызы жинақталған кезде 5 пайызға төмендейді.

«Наурыз әскери» бағдарламасы бастапқы жарнасыз жаңа құрылыстан пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Астана мен Алматы қалаларында қарыздың ең жоғары сомасы 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін, ал бастапқы жарна 20 пайыздан асқан жағдайда 80 млн теңгеге дейін жетеді. Қарыз бойынша пайыз мөлшерлемесі жылына 9 пайыз.

Мерзімді әскери қызметке келсек, Sarbaz 2.0 цифрлық жобасы іске қосылғалы 9 мыңнан астам үздік әскери қызметші білім беру гранттарына ие болды.

Бұған дейін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қаржы ұйымдарына 9 миллиард теңге қарызы бары айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз