
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі директорлар кеңесінің құрамына енді.
Қазақстан қор биржасында (KASE) 13 қаңтарда жарияланған құжатқа сәйкес, холдингтің директорлар кеңесінің жаңа құрамы 26 желтоқсанда бекітілген.
Директорлар кеңесіне Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық етеді. Кеңес құрамына сондай-ақ бірінші вице-премьер Роман Скляр, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ерболат Досаев, Қаржы министрі Мәди Тәкиев және Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кірді.
Рустам Қарағойшин холдингтің басқарма төрағасы қызметін атқарып отыр.
Айта кетейік, Ерболат Досаев 2016 – 2017 жылдары «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарған. Сондай-ақ 2025 жылдың желтоқсан айының соңында ол Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалған.
Еске салсақ, 2025 жылдың 24 мамырында Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. Ал өткен жылдың қыркүйегінде Президент жарлығымен Досаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды.