Жаңалықтар

Новороссийск маңында мұнай тиеген екі танкерге шабуыл жасалды

Қазақ мұнайын тиеген танкерлерге шабуыл жасалды
фото: КТК

Қазақстан мұнайы экспортының шамамен 80%-ын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы терминалының маңында грекиялық компаниялар басқаратын екі мұнай танкеріне дрондармен шабуыл жасалды. Бұл туралы Reuters жазады.

LSEG мәліметтері бойынша, танкерлердің бірі Delta Harmony, грекиялық Delta Tankers компаниясына тиесілі. Дереккөздердің айтуынша, танкер «Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тиеюі керек болған.

Екінші танкер – Matilda грекиялық Thenamaris компаниясының басқаруында. Дереккөздер бұл кеме «Қарашығанақ» мұнайын тиеуді жоспарлағанын айтады.

Thenamaris өкілі Matilda танкері КҚК-дан 30 миль қашықтықта жүкті күтіп тұрған кезде оған екі дрон соғылғанын растады.

«Зардап шеккендер жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, кеме палубасының құрылымдарына жеңіл зақым келген, оны толық жөндеуге болады. Кеме жүзуге жарамды және қазір бұл аймақтан алыстап бара жатыр», – деді компания өкілі.

Бұл іске қатысты «ҚазМұнайГаз» арнайы пікір білдірді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, MATILDA кемесін «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес ұйымы) жалға алған. Каспий Құбыр консорциумының терминалында тұрған танкерге Қазақстан мұнайын тиеу жұмыстары 2026 жылғы 18 қаңтарға жоспарланған.

«13 қаңтарда танкерге ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан жарылыс болды, бірақ өрт шықпады. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Алдын ала бағалау бойынша танкер теңізде жүзуге жарамды, бірінші тексеру кезінде кеме құрылымының айтарлықтай зақымдану белгілері анықталмады. Залал көлемін бағалау жүріп жатыр», – деп хабарлады компаниядағылар.

КҚК шабуылға қатысты түсініктеме беруден бас тартты. КҚК құбыры мұнайды Ресейдің оңтүстігіндегі Новороссийск қаласына жақын орналасқан Қара теңіздегі «Южная Озереевка» терминалына дейін жеткізеді.

Мәселеге қатысты Энергетика министрлігі әзірге пікір білдірген жоқ.