Гаджет пе, әлде ата-ананың қателігі ме: балалардың тілі неге кеш шығып жатыр

Қазір ата-аналардың жиі алаңдайтын мәселесінің бірі – баланың тілінің кеш шығуы мен дамуындағы ауытқулар. Мамандардың айтуынша, дер кезінде мән берілмеген қарапайым белгілер уақыт өте келе күрделі диагноздарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Осы мәселенің себеп-салдарын, сонымен бірге ата-аналар, ең алдымен, неден бастауы тиіс екенін анықтау үшін Kursiv.Media тілшісі логопед-дефектолог маман Меруерт Мақұлбекті және психоаналитик Зарина Қаһарманды сөзге тартты.
Кейде сау балалардың да тілі кеш шығады
Маман ең әуелі «Баланың тілі неге кеш шығады? Бүгінгі заманда көбейіп кеткені рас па?» деген сұраққа жауап берді. Оның сөзінше, қазір диагноздар өте көп. Тілі кеш шығудан бастап аутизм, шизофрения сияқты диагноздар бар. Емдемегеннің соңы шизофренияға апарып соқтырып жатыр. Әсіресе, классикалық аутизмі бар балалар соның кебін киіп жатады.
«Бүгінгі таңда қарапайым сау балалардың тілінің өзі түсініксіз әрі кеш шығып жатады. Ол балаларды ата-аналар дер кезінде қарамаса, ол диагнозға айналып кетуі мүмкін. Тілінің кеш шығуынан бөлек, негізі классикалық аутизм құрсақта жатқан сәттен басталады. Тілдің кеш шығу себебін ешкім әлі анықтамаған. Бірақ ондай жағдайлар болса, балада осындай белгілер болуы мүмкін деген нұсқаулықтар бар. Бәрі бала құрсаққа біткен кезден басталады. Бұрын аутизмді генетикамен байланыстырмайтын еді, ал қазір генетикадан да болуы мүмкін деген болжамдар айтылады», – дейді маман.
Логопед-дефектолог ата-аналар баланың даму деңгейіне байланысты жан-жақты ақпаратты білім алып жүру керек деп есептейді. Жүктілікке өте жақсы дайындалып, барлық тексерістен өтуі керектігін ұмытпауға шақырады. Денсаулықты дайындап, одан кейін жүктілікті жоспарлау керек деп санайды. Сөзінше, босанғаннан кейін, баланың даму сатысы болады. Дамуы соған сәйкес келе ме, жоқ па анасы тексеріп отыру керек. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, бірден мамандарға жүгінген абзал. Біріншіден, баланы педиатр, невропотологқа қаратып, неше түрлі диагноздың алдын алуға болады. Қаншалықты диагнозды ерте анықтасаң, соншалықты диагнозды жеңуге мүмкіндік бар. Маман қазір көп баланы ата-анасы «балам сөйлемей жатыр» деп өте кеш алып келетінін атап өтті.
Логопед – ең соңғы жүгінетін маман
Логопед-дефектологқа 4-5 жастағы тілі шықпай жатқан баланың ата-анасы келді делік. Сонда оларға нақты қандай кеңес беріледі? Бұл сұраққа жауап берген Меруерт Мақұлбек ең әуелі баланы толықтай диагностикадан өткізетінін айтады. Баланың әуелі не себепті сөйлемей жатқанын анықтайды. Анықтамай тұрып, балаға бағдарлама құрылмайды.
«Сөйлемеудің себебі медицинамен де байланысты болуы мүмкін. Ол ортопедияға немесе неврологиялық жағынан да қатысы болуы ықтимал. Мысалы, бізге келген 5 жастағы бала мүлдем сөйлемейді делік. Сөйлемейтін балада екі жағдай болады. Яғни, кейбірінде түсінік болса, енді бірінде түсінік болмайды. Бала сөйлемесе, біз әуелі түсінігіне мән береміз. Мәселен, «қаламды берші» дегенді түсінбесе, ары қарай медициналық жағдайына байланысты қараймыз. Онда бірінші невропотологқа барады. Невропотолог қажетті дәрілер, витаминдер тағайындайды. Егер балада сөзі де жоқ, түсінігі де жоқ, невроз қозып кеткен одан да қиын жағдайда болса, медициналық тексеріс пен дефектолог маманға жүгіну керек», – дейді ол.
Меруерт Мақұлбектің сөзінше, логопед – ең соңында жүгінетін маман. Ең әуелі дефектолог маман баланың түсінігін қалыптастырып береді. Қарапайым «ал, сал» деген дүниелерді түсіндіреді. Логопедке дайындайды. Одан кейін логопед тек тіл дамыту, жұмысымен айналысады.
Аутизм үш айда-ақ білінеді
Егер баланың түсінігі өте жақсы болса, тек витаминдер жетіспесе, онда баланы логопедке жіберуге болады. Бала бүкіл пәрменді түсініп тұрса, онда логопед айналысады. Логопед дыбыстардан бастайды. Әуелі аузын ашқызып, артикуляция жасатып, тонустарын тексереді.
«Түсінігі бар балада дыбыс болады. Сол дыбысты ары қарай дыбысталуға айналдырады. Содан кейін барып сөзге, сөйлемге айналдырады. Екітүрлі тонус болады: гипатонус, гипертонус. Тонустың екеуінен де минус болса, маман логомассаж жасайды. Зонттар қолданады. Ары қарай дыбысын дамыта береді», – дейді логопед-дефектолог.
Егер бала қоршаған ортаны қабылдауда қиналып, ештеңені түсінбей тұрса, мамандар баланың төрт жыл бойы ұйықтап қалған миын оятады. Яғни, мидың белсенді жұмысына бағытталған түзету жұмыстарын бастайды. Мысалы, сенсорлық жаттығулар арқылы баланың өзін-өзі сезіну қабілеті дамытылады, бейімделген дене шынықтыру (АФК) қолданылады, дефектологтың көмегі көрсетіледі. Кей жағдайда бір жаста да, бес жаста да дамуында кешенді бұзылыстары бар балалар мамандарға жүгінуі мүмкін. Ал баланың диагнозын нақты қоюға болатын негізгі кезең – 3 жас.
«Бұл балада аутизм белгісі бар, әлде жай диагноз деген сияқты… Бірақ бір жағынан бұл қате деп те ойлаймын. Заңға сәйкес невропотологтар 3 жаста диагноз қоямыз деп те уақыт созып алады. Аутист бала үш айында да білінеді», – дейді ол.
Сонда 1 жастағы балада аутизм белгісі болса да аутизм диагнозы қойылмай ма? Бұл сұраққа маман «қойылмайды» деп жауап берді. Сөзінше, елде заң бойынша 3 жаста ғана диагноз қойылады. Сол себепті невропотолог мамандар 3 жасқа дейін бақылаймыз деп айтады. Нақты диагноз қойылмағандықтан көп ата-ана бірінші кімнен бастарын, қайда барарын білмей шатасып жатады.
Гаджеттер мен орта
Гаджеттер мен билингвал орта тіл дамуына қалай әсер етеді? Ата-аналар ең жиі жіберетін қателік қандай? Меруерт Мақұлбекке қойылған келесі сұрақтар легі осындай болды. Маман бұл сауалдарға берген жауабында әуелі үйде ата-аналардың бірінің қазақша, екіншісінің орысша сөйлеуі баланың тілін дамытуға кедергі келтіретінін айтады.
«Егер баланың ақыл-есі дұрыс болса, барлығын алып кете алады. Қазақ тілін де, орыс тілін де меңгереді. Ал диагнозы бар балаға тек қана бір тілде сөйлеу ұсынылады. Яғни үйде қай тіл таңдалса, сол тілде тұрақты қарым-қатынас орнату қажет. Себебі енді ғана сөйлеп үйреніп жүрген бала білгенін жеткізе алмай қалады. Қазір ата-аналардың көбі таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан да балалар гаджеттермен отырады. Үш сағаттан артық теледидар көрген немесе телефон ұстаған балада ойлау қабілеті дамымайды. Тек қана сол теледидар, телефонның дыбыстары мида айналып тұрады. Ойын жеткізе алмайды, айналасына мән бермейді. Қарым-қатынас жоқ. Балаларға 4-5 жастан кейін ғана телефон ұстауға болады деп ойлаймын», – дейді Меруерт Мақұлбек.
«Цифрлық аутизм»
Мамандардың пікірінше баланың тілінің кеш шығуына психологиялық факторлар да тікелей әсер етеді. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісі психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарманның пікірін сұрап көрді. Оның сөзінше, қазір педагогтер мен психологтар арасында «цифрлық аутизм» ұғымы жиі қолданылады. Бұл медициналық диагноз емес, алайда гаджетке ұзақ уақыт тәуелді балаларда классикалық аутизмге тән белгілер байқалуы мүмкін.
«Мұндай балалар сөйлей алмайды, есімімен шақырғанда назар аудармайды. Бұл – экран алдында көп отырудың салдары», – дейді психолог.
Зарина Қаһарман баланың тілінің уақытында шықпауы, ең алдымен, ата-ана мен бала арасындағы эмоциялық байланыстың әлсіздігімен байланысты екенін айтады.
«Баланың тілі уақытылы шықпауының психологиялық себептеріне тоқталып өтетін болсам: бала мен ата-ана бір-біріне бауыр басуы керек. Ата-ана мен баланың арасында тұрақты, жылы эмоциялық байланыс болмаса – баланың тілінің дамуында тежеліс болады. Сәбиді емізген кезде де анасы баласының жүзіне, көзіне қарап, байланыс ұстауы өте маңызды. Ол уақытта баланың көңілі анада, ананың көңілі гаджетте болуы дұрыс емес», – дейді маман.
Тіл гаджетпен дамымайды
Психолог баланы шектен тыс өбектеу де сөйлеудің дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Бала өз ойын сөзбен жеткізуге тырысуы керек, ал ата-ана оған мүмкіндік беруге тиіс.
«Баланың тілі гаджет, мультфильм немесе әлеуметтік желі арқылы емес, айналасындағы адамдармен тірі қарым-қатынас арқылы шығады. Тек қана видео көріп отыру – тілдің шығуына көмектеспейді. Тіл шығу үшін алдымен ұсақ және ірі моториканы дамыту керек. Бала қолымен, саусағымен неғұрлым белсенді әрекет етсе, соғұрлым оның миының сөйлеуге жауапты аймақтары да белсендірек жұмыс істейді. Моторика мен сөйлеу орталықтары мида өте тығыз байланыста», – дейді ол.
Маманның айтуынша, үйдегі тұрақсыз эмоциялық орта – дау-дамай, ата-ананың ажырасуы, балаға немқұрайлы қарау немесе шамадан тыс қаталдық та тілдің кеш шығуына себеп болуы мүмкін.
«Егер баланың тілі кеш шығып жатса, міндетті түрде логопед пен психологтың көмегіне жүгінген жөн», – деп түйді сөзін Зарина Қаһарман.
Мамандардың пікірінше, баланың тілі кеш шықса, «өзі сөйлеп кетеді» деп күту қауіпті. Мұндай жағдайда логопедпен қатар психологқа да жүгіну маңызды. Себебі сөйлеу – тек тілдің емес, баланың жалпы психоэмоциялық дамуының көрсеткіші.