Қайсар Камза 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін – заңгер

Жарияланды 13 Қаңтар 2026 09:40

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: instagram

Аты шулы блогер Қайсар Камза 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы заңгер Нұрсұлтан Орынбеков айтты.

Заңгердің айтуынша, Қайсар Камза 2025 жыл бойы өзінің жабық Telegram-арнасында онлайн-казиноларды жүйелі түрде жарнамалаған. Аталған арнаның аудиториясы шамамен 400 мың адамға жуық. Айта кетейік, Қазақстан аумағында онлайн-казино қызметіне ресми түрде тыйым салынған.

Сондай-ақ, заңгер блогердің бұл қызметі үшін төлемді криптовалюта арқылы алғанын айтты.

Көпшілік криптоактивтерді бақылау мүмкін емес деп ойлағанымен, құқық қорғау органдары мұндай қаржылық ағындарды қадағалау тетіктерін әлдеқашан енгізген. Болжам бойынша, Камза заңсыз жарнама арқылы шамамен 200 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Қазіргі таңда бұл қаражатқа тыйым салынған.

Ендігі басты мәселе блогердің әрекеттері қалай құқықтық тұрғыда сараланатыны. Егер Қайсар Камза заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылса, оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

Ал егер тергеу оның трансұлттық қылмыстық топ құрамында белсенді рөл атқарғанын дәлелдесе, жаза одан да ауыр болмақ. Себебі онлайн-казинолардың Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасып, шетелдік қылмыстық құрылымдар арқылы басқарылғаны айтылып отыр. Мұндай жағдайда блогер 10–12 жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал.

Қазіргі таңда бұл істі Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) тергеп жатыр.

Бұған дейін, Қайсар Қамзаның өзі іздестіруге қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз