Жаңалықтар

Қазақстандағы шетелдік ірі мұнай компаниялары айыппұлды доллармен төлеуі мүмкін бе

Депутаттар айыппұлдарды шетел компанияларына доллармен төлетуді талап еткен / Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстандағы шетелдік ірі мұнай компанияларына айыппұлды доллармен төлету «құқықтық табиғатқа» сай келмейтінін мәлім етті.

Жалпы әкімшілік айыппұлдар экологиялық кодекс пен әкімшілік кодекске сәйкес ұлттық валютада салынады.

«Осыған байланысты аталған айыппұлдарды шетел валютасына теңестіру, сондай-ақ осыдан туындайтын валюталық мәндегі «шығындар» туралы тұжырымдар мұндай өндіріп алулардың құқықтық табиғатына сәйкес келмейді және құқық қолдану тәжірибесінде қолданылмайды», – дейді Премьер-министр.

Оның мәліметінше, 2022 жылы Атырау облысы бойынша экология департаменті Солтүстік Каспий жобасында тексеру жүргізген. Тексеру барысында экологиялық заңнаманың бұзылғанын анықтаған.

Сот талқылауларының қорытындысы бойынша айыппұлдар төленген. Сот процестері барысында Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылы 1 тамызда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының (НКОК) талап арызы бойынша қаулы қабылдап, департаменттің нұсқамасын рәсімдік негіздер бойынша заңсыз деп таныған. Кейіннен департамент аталған рәсімдік бұзушылықтарды жойып, НКОК өкілдерінің қатысуымен қайта тыңдау өткізіп, тиісті құжаттарды белгіленген тәртіппен ресімдеген. Тексеру нәтижелерінің күшін сот жоймағандықтан, бұрын тоқтатылған әкімшілік істер бойынша тиісті әкімшілік жазаларды қолдану туралы шешімдер қабылданған.

Еске сала кетейік, «Ақ жол» депутаттары былтыр желтоқсанда Қазақстандағы шетелдік ірі мұнай компанияларына айыппұлдарды теңгемен белгілеу Қазақстан үшін үшін зиянды екенін, ал шетелдік компаниялар үшін тиімді тәжірибе болып отырғанын мәлімдеген еді. Олардың сөзінше, экспорттаушылардың табысы доллармен есептеліп, ал айыппұлдарды теңгемен белгілеу даулардың қаралуы барысында олардың құнсыздануына әкеп соғады. Сол себепті депутаттар айыппұлдарды шетел компанияларына доллармен төлетуді талап еткен.

Айта кетейік, бұған дейін елдегі мұнай компанияларына жалпы, 50 млрд теңге көлемінде айыппұл салынғанын жазғанбыз. Сондай-ақ 2024 жылдың тамыз айында Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий нефть» АҚ компаниясы экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 13,5 млрд теңге айыппұл төлегені хабарланған болатын. Сонымен бірге Қарашығанақ кен орны операторына қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 739,5 млн теңге айыппұл, «Теңізшевройл» компаниясына 639 млн теңге айыппұл салынған болатын.