«Күйеуім тыйым салды»: Айдана Меденова сахнадан кетуге не түрткі болғанын айтты

Жарияланды
фото: Айдана Меденованың инстаграм парақшасынан

Танымал қазақстандық әнші Айдана Меденова жақында сахнаға қайта оралды. KeshYou герлз-бендінің алтын құрамында ән салған өнер иесі біраз уақытқа неге «жоғалып» кеткені туралы алғаш рет тіл қатты. Бұл туралы ол GakkuTV Youtube-арнасына берген сұхбатында баяндады

Меденованың айтуынша, сахнадан кетуіне бірнеше жайт себеп болған. Соның ішінде отбасылық сынақтар кездескен.

«Күйеуіміз екеуміз бірлесіп өте белсенді жұмыс істедік. Қаншама туынды жаздық, бейнебаян түсірдік. Сол кезде трансформациядан өтіп жаттық, өмірімізде көп нәрсе болып жатты. Бірақ не болып жатса да, сыртқа көрсетпейтінбіз», – деді ол сұхбат барысында.

Шығармашылық жолын аяқтардан бір жыл бұрын әншінің әкесі өмірден өткен. Сол кездері қатты қиналған. Басқа да қиындықтарға тап болған Меденова шаршап, өнерден кетуге бел буған. Оның бұл шешіміне күйеуі әрі продюсері Әлішер Нұржанов та қатты таңғалған көрінеді. Негізі бұл шешімге келмес бұрын талай рет өнерден кететінін, осымен қоямын дегенді көп айтып жүрген. Осылайша жылдың аяғында, дәл 30 желтоқсанда Instagram-парақшасына өнерден кететінін мәлімдеген.

«Жанымызда жүрген адамдардың өзі «бұған күйеуі тыйым салды», «орамал таққызды» деп ойлайды екен. Мұны естігенде қатты таңғалдым. Бұл – қауесет әңгіме. Ішкі картинаны көргендер негізі бұлай ойламайды. Ешкімнің алдында бәрін ашып айтуға міндетті емеспін ғой. Бірақ бәрібір ел алдында жүргеннен кейін халыққа жаңалықтарыңды айтып жүруің керек», – деді әнші.

Естеріңізге сала кетсек, біраз уақыт үнсіз қалған әнші жаңа әнін шығарып, өнерге оралғанын ресми түрде мәлімдеп, жаңа әнін жарыққа шығарғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз