Әскерилердің ас мәзірінде азық-түлік пен рацион үлесі кеңейді

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап Қарулы Күштердегі азық-түлік үлесінің құны 900 теңгеге өсті. Енді оның мөлшері – 3150 теңге. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылғы тамыз айында республикалық бюджет комиссиясы азық-түлік себетінің құрамы мен нарықтағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, қосымша қаржы бөлу туралы шешімді мақұлдады.
Жалпы әскери үлес 48 түрлі өнімнен тұрады, оның жалпы калориялығы – 4 321 ккал.
Рацион қатарында:
- сиыр еті;
- құс еті;
- балық;
- күріш;
- қарақұмық;
- макарон өнімдері;
- сүт өнімдері;
- шұжық өнімдері;
- нан және басқа да тағамдар бар.
Сонымен қатар, әрбір әскери қызметшіге күн сайын 200 грамм жеміс беріледі. Ал жекелеген санаттағы әскери қызметшілер үшін арнайы рациондар қарастырылған. Мысалы, ұшқыштарға арналған үлес 52 түрлі өнімнен тұрады, оның калориялығы – 4 834 ккал, теңіз үлесі – 50 өнім (4 553 ккал). Сондай-ақ шамамен 4 500 ккал болатын басқа да үлес түрлері бар.
Еске салайық, елде әскери қызметкерлердің жалақысы өсті. Жаңа 2026 жылда жалақы арттырудың екінші кезеңі басталды. Офицерлер жалақысы тағы 23 пайызға, ал қатардағы және сержант құрамы жалақысы 10 пайызға өседі.