
Астанада 2025 жылдың соңында тұрғын үй нарығындағы сауда тарихи рекордтық көрсеткішке жетті.
Астанада 94 мыңға жуық мәміле тіркелді
Бірінші кредиттік бюро ұсынған мәліметке қарасақ, желтоқсан айында елордада тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 11,7 мыңға жуық мәміле тіркелген. Бұл қараша айымен салыстырғанда 32%-ға, ал 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 18%-ға көп. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мұндай жоғары көрсеткіш кемінде 2018 жылдың басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Қаланың өзі де осы жылдары айтарлықтай өскенін ескерсек, бұл нәтиже бақылау жүргізілген бүкіл кезең ішіндегі рекорд болуы мүмкін.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Астанада 93,5 мыңнан астам мәміле жасалған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға артық және 2018 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сатып алушылар белсенділігінің артқандықтан, өткен жылы, әсіресе бастапқы нарықтағы тұрғын үй бағасы күрт өскен еді.
Алматы: жыл соңында сауда бәсеңдеді
Алматыда да тұрғын үй саудасы бойынша жаңа рекорд тіркелді, жыл қорытындысы бойынша қалада 87,6 мың мәміле жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық және 2018 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда желтоқсанда айтарлықтай сұраныс байқалмады, бар болғаны 9 мыңға жуық келісім жасалды.
Қай өңірде тұрғын үйге сұраныс артты
Ал жалпы Қазақстан бойынша 2025 жылы 448,6 мың тұрғын үй сату-сатып алу мәмілесі тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда небәрі 4%-ға жоғары, сондықтан бұл көрсеткіш рекорд болып саналмайды. Ең жоғары деңгей 2022 жылы тіркелген.
Жылдық өсімге негізгі үлесті Астана қосты. Алматы, Алматы облысы және Шымкенттің үлесі жалпы динамикаға анағұрлым аз әсер етті. Ал елдің жартысына жуық өңірінде тұрғын үй нарығындағы белсенділік жыл қорытындысы бойынша төмендеген.
Жалпы республика көлемінде желтоқсан айында сауда қыза түскен. Бір айда 53,1 мың мәміле тіркелген – бұл 2022 жылғы наурыздан бергі ең жоғары көрсеткіш. Қараша айымен салыстырғанда өсім 33%-ды, ал 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 6%-ды құрады. Бұл жолы да жылдық көрсеткіштерді салыстырғанда көшбасында елорда тұр.
Дегенмен 2025 жылы азаматтар жеке үй салуды күрт доғарды. Жеке тұрғын үйлердің ауданы 6,4 млн шаршы метрге әзер жетті, яғни мұндағы құрылыс қарқыны 3,4%-ға төмендеген. Мұндай теріс көрсеткішке елде 2025 жылы құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы әсер етуі мүмкін.