Алпауыт елдер әлемді бөлісіп жатыр – саясаттанушы

Қазақстандық сарапшылар алпауыт елдердің әлемді қайта бөліске салып жатқанын алға тартып отыр.
АҚШ-тың көршілеріне күш көрсетіп, шекарасын кеңейтуге ұмтылып жатқаны құпия емес. Сарапшы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, гәп тек Трамптың тұлғасында да емес. Ал Ресейдің Украинамен соғысып жатқанына биыл төрт жыл болады. Қазақстандық саясаттанушының пайымдауынша, АҚШ пен Ресей арасында әлемді қайта бөліске салу туралы бір құпия келісім болуы әбден мүмкін. Оның ішінде Орталық Азия мен Қазақстанға да қатысты да бөлімдер болуы ықтимал.
Трамп Монро доктринасын қайта құрып жатыр
«Қырғи қабақ соғыс аяқталған соң да халықаралық құқық сақталып келді. Бірақ Ирак пен Ливанға шабуыл жасалғанда халықаралық құқық бұзылды. Бірақ ол режимдер де бұған себеп тауып берді. Мәселе, Венесуэланың бұрынғы президенті Мадурода да емес. Халықаралық құқықты өрескел бұзып жатыр. Трамп Монро доктринасын қайта құрып жатыр. Мексикаға да, Канадаға да және басқа елдерге де жұдырығын көрсетіп отыр», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Оның айтуынша, АҚШ осы уақытқа дейін әлемге билігін жүргізіп келді. Бірақ соңғы кездері шамасы жетпей жатыр. АҚШ-тың Гренландияға иелік жасау ниеті – әлемді қайта бөлісу үдерісінің бір көрінісі.
Солтүстік теңіз жолы үшін күрес басталды
«Бәрі Венесуэладан басталды, енді Гренландияға келіп тірелді. Украина да осы күрестің бір бөлігі. Гренландияны иемденуге деген ұмтылыс Трамптың бастамасы ғана емес. Ол АҚШ-тың бұрыннан келе жатқан стратегиялық жоспары. Өйткені, Гренландия – тек бай табиғи ресурс ғана емес, болашақта әлемдік сауда көлемі арта түсетін Солтүстік теңіз жолын бақылауға мүмкіндік беретін аймақ», – деп пайымдайды саясаттанушы.
Қазыбек Бейсебаевтың ойынша, Трамп тек орындаушы рөлін атқарып отыр. Ол президенттік мерзімі ішінде бұл жоспарды орындауға ұмтылады. Гренландия мәселесі, сондай-ақ Солтүстік Мұзды мұхит тақырыбы Ресей мен АҚШ арасында талқылануы әбден мүмкін. АҚШ қалай болғанда да Гренландияны өз бақылауына алады.
«Біздің пікірімізді сұрамай бөліп жатыр»
«Украина мәселесі тоқтайды. Енді АҚШ бұл елге көмектеспейді. Путин мен Трамп арасында «Гренландия – менікі, ал Украинаға көз жұма қараймыз» дегендей келісім бар шығар. Сондықтан Украинадағы соғыс тоқтайды. Әлем бөліске түсіп жатса, Орталық Азия Қытай мен Ресейдің ықпалында болатыны түсінікті. Алпауыт елдердің арасында осындай келісім болуы да мүмкін. Ең қызығы, біздің пікірімізді сұрамай бөліп жатыр», – дейді сарапшы.
Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, халықаралық жағдай өте күрделі. Алда бізді әлі талай өзгеріс күтіп тұр.
Мәміле бірінші орынға шықты
Саясаттанушы Сайын Борбасов әлемдік саясатта түбегейлі өзгерістер басталды. Трамп саясатты саудаға айналдырып жіберген.
«Келісім-шарт, меморандум деген ұғымдар кейін шегеріліп, мәміле бірінші орынға шықты. Халықаралық құқық түбегейлі жойылды деуге келмес. Бірақ АҚШ әкімшілігі оны екінші кезекке ысырып қойды. Америка халқының мүддесі, ұлттық қауіпсіздік деген ұрандар көтеріп отыр. Венесуэлаға неге басып кірді? Бұл елмен мәміле жасаймыз дейді. Әрине, АҚШ Латын Америкасында ежелден басымдыққа ие. Енді құрлықтағы өзіне ұнамайтын режимдерді түгел құлатқысы келіп отыр», – дейді саясаттанушы.
Ықпал аймақтары айқындала ма?
Сайын Борбасов үлкен державалар – АҚШ-та, Қытай да, Ресей де әлемді қайта бөлісуге ұмтылып жатқанын жоққа шығармайды. Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьевтің Армения мен Орталық Азияға қарсы «арнайы әскери операция жасауға», Ресейдің ықпал аймағын айқындап алуға шақыруы – мұның бір белгісі.
«Десе де, идеологтардың ұрандарына қарамастан Ресейдің өзі ыдырауы ғажап емес. Соловьев айтқандай, Арменияға да, Қазақстанға да Ресейдің шамасы жетеді. Бірақ, менің пікірімше, бұл елдің қазір көршілеріне шабуыл жасауға қауқарлы емес. Өйткені, көршілеріне көмек қолын созатын елдер табылады», – дейді саясаттанушы.
Айта кететін жайт, АҚШ Конгресі Гренландияны күштеп қосып алу туралы заң жобасын ұсынды.