Бір адам мектепте тек екі жыл директор болуы керек – министр

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепте бір адам тек екі жыл директор болуы керек деп есептейтінін мәлім етті.
Министрдің жеке әлеуметтік парақшасында жарияланған видеода Сүлейменова осы мәселе турасында пікірін айтты.
«Жеке өзімнің министр ретіндегі ұстанымым – директордың қызмет мерзімі екі жыл болуы қажет. Кемі екі оқу жылы болуы қажет. Ал егер ол директордың жұмыс нәтижесі жақсы болып жатса, білім сапасы жақсарса, балалардың нәтижелері жақсы болып, қауіпсіздік, мұғалімдердің біліктілігі мәселелері дұрыс болса, онда директорға тағы бір мерзім беруге болады. Сонымен, 4 жылға тағайындалуы қажет деп санаймыз», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұл позиция тиісті бұйрыққа енгізіледі.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасы Қаныбек Жұмашев елдегі мектептерде директордың қызмет ету мерзімі шектелетінін мәлімдеген еді.