
Қаржы мониторингі агенттігі блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады. Оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Блогер заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
Сондай-ақ Қамзаның 182 мың доллар криптоактивіне тыйым салынды.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, күдікті 5 жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде @qais_arr аккаунтын жүргізген. Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасы да (368 мың жазылушы) Қамзаға тиесілі болған.
Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдаланып, Қазақстан азаматтарына «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар жариялаған. Видеода бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.
«Осылайша, Қайсар Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған. Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған.
Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивіне тыйым салынды», – деп хабарлады агенттік.
Айта кетейік, іздеуде жүрген блогердің қайда екенін білетін азаматтар мына нөмірге +7 7172 70 84 78 хабарласа алады.
Қайсар Қамзаны іздеу жұмыстары 2026 жылдың 10 қаңтарында Астана қаласында тіркелген. Содан кейін блогер «кімнің ала жібін аттап қойдым екен?» деп видео жариялады.