
Иран АҚШ әскери базалары бар көрші елдерге Америкадан соққы жасалған жағдайда жауап беретіні туралы ескертті, деп хабарлайды Reuters.
Иранның жоғары лауазымды шенеунігі Тегеран Вашингтонның өз еліне жасаған шабуылдарының алдын алу үшін аймақтағы АҚШ одақтастарына жүгінгенін мәлімдеді.
«Тегеран Сауд Арабиясы мен БАӘ-ден Түркияға дейінгі аймақтағы елдерге, егер АҚШ Иранға соққы жасай бастаса, бұл елдердегі америкалық базаларға шабуыл жасалады деп мәлімдеді», – деді шенеунік.
Бұған қоса, ол Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф арасындағы тікелей байланыс тоқтатылғанын айта кеткен.
Америкалық жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, АҚШ аймақтық шиеленістің күшеюіне байланысты сақтық шарасы ретінде аймақтағы негізгі базалардан қызметкерлердің бір бөлігін елге қайтарды.
Екі еуропалық шенеунік АҚШ-тың әскери іс-қимылы алдағы 24 сағат ішінде болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Иранда 2025 жылғы 28 желтоқсанында басталған халық көтерілісі барысында кем дегенде 512 адам қаза тапты. Мәліметті бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан HRANA адам құқықтарын қорғаушы ұйым таратты.