Жаңалықтар

Halyk Bank-тың еншілес компаниясы зейнетақы активтерін басқарудан бас тартты

Halyk Global зейнетақы активтерін басқарудан бас тартты / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Серікжан Қобланбаев

Halyk Bank-тың еншілес компаниясы Halyk Global Markets зейнетақы активтерін басқарудан бас тартпақ. Бұл туралы компания Бірыңғай жнақтаушы зейнетақы қорына хабарлама жіберген.

Келісім ресми түрде 1 қаңтар 2027 жылдан кейін ғана аяқталады, ал сол уақытқа дейін жинақтар бұрынғы шарттармен компания басқаруында қалады.

Келісім тоқтағаннан кейін активтер толық көлемде Ұлтты банктың басқаруына өтеді. Егер кірістілік тым төмен болса, Halyk Global Markets айырмашылықты өтейтін болады.

Салымшылар бір жылдан кейін жинақтарын қайтадан Ұлттық банк немесе басқа басқарушыға өткізе алады.

БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы 1 желтоқсанда жалпы зейнетақы активтері 25,8 трлн теңгеге жетті. Оның шамамен 25 трлн теңгесі Ұлттық банк басқаруында, ал 80 млрд теңгеден астамы инвестициялық портфель басқарушыларына (ИПБ) берілген. Ал Halyk Global Markets басқарған активтер сомасы 6,42 млрд теңгені құрады. Осы қаражат есебінен компания 9 айда 349,29 млн теңге табыс алған.

Салымшылар 2021 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының 50%-ын жеке инвестициялық компаниядарға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұл жүйе активтерді әртүрлі қаржы құралдарына (акция, облигациял, валюта және басқа қаржы активтері) инвестициялау арқылы жинақтарды көбейтуді мақсат етеді.