Жаңалықтар

Қатаң салық саясаты инфляцияның жаңа толқынын тудыруы мүмкін – Елена Бахмутова

Бахмутова қатаң салық саясатын сынға алды / Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдан бастап іске қосылған бюджет-салық реформасы инфляцияның жаңа толқынын туындатуы мүмкін. Халық қымбатшылық қыспағында қалмақ. Бұл пікірді «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова «Капитал» басылымына білдірді.

Қаржыгердің айтуынша, бағаның өсуі қысқа мерзімді сипатта болуы ықтимал. Алайда соған қарамастан, инфляциялық қысымды тежеу үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын тағы да қатаңдатуға мәжбүр болады. Яғни базалық мөлшерлемені көтеру мәселесі күн тәртібіне шығады.

Бұл ретте Елена Бахмутова базалық мөлшерлеме экономикадағы ақшаның құнын айқындайтын негізгі көрсеткіш екенін атап өтті. Егер базалық мөлшерлеме 18% немесе одан жоғары деңгейде сақталса, банктер беретін қарыздың пайызы одан әрі қымбаттай түседі.

Соның ішінде егер ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 2026 жылдың ортасында 20 пайызға дейін төмендетіліп, ал базалық мөлшерлеме 18%-дан жоғары деңгейде қалса, банктер үшін ипотека беру алдағы уақытта тиімсіз бола түседі.

Қазірдің өзінде ипотеканы банктер табыстылығы төмен өнім санайды, ал пайыздық айырманың одан сайын қысқаруы бұл сегментке деген қызығушылықты келешекте азайтады.

Қазақстанда 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі іске қосылды. Соған сәйкес, қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға көтеріліп, салық саясаты қатаңдады.

Жаңа салық саясатын бұған дейін сарапшылар да, депутаттарда сынға алған. Депутат Азат Перуашев үкімет жоқ  жоқ нәрсемен күресеміз деп, кәсіпкердің құқығын шектеп отырғанын мәлімдеген.