2026 жылы тұрғын үй бағасы қаншалықты қымбаттайды

Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша, 2026 жылы Қазақстандағы тұрғын үй нарығы өсім аймағында сақталады. Алайда былтырмен салыстырғанда қарқыны бәсеңдейді. 2025 жылы тұрғын үй бағасы қатты қымбаттаған болса, ал биыл заң талаптары мен салық факторы сұранысты біршама тежейді.
Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылы бастапқы және қайталама нарықтағы шаршы метр бағасы тиісінше 15,7% және 14,6% қымбаттап, елдегі 12,3% инфляциядан асып түскен.
Бұл өсімге бірнеше фактор әсер етті: ҚҚС мөлшерлемесі өсуі мүмкін деген ой, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қорынан алынған төлемдердің 83%-ға артуы және жалпы инфляциялық қысым.
Ал 2026 жылы нарықтағы ахуал өзгере бастайды. Halyk Finance болжамына сәйкес, салық саясатының өзгеруі, ипотека беру талаптарының қатаюы және БЖЗҚ-дағы жеткілікті шегінің ұлғаюы сұраныстың баяулауына әкелуі мүмкін.
Бұл факторлар мәмілелер санының азаюына ықпал етіп, баға өсімін тежеуі ықтимал. Әсіресе, 1 қаңтардан бастап жеткілікті шегінің көтерілуі зейнетақы жинақтарын алу көлемін қысқартып, тұрғын үйге деген қысқа мерзімді сұранысты әлсіретуі мүмкін.
Сарапшылар ең айқын өзгеріс жаңа тұрғын үй сегментінде байқалады деп отыр. Себебі жаңа салық талаптары мен ипотекалық шарттардың қатаюы ең алдымен осы нарықтағы белсенділікке әсер етеді. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі де нарыққа қосымша қысым түсіреді.
9 қаңтарда Президент қол қойған Құрылыс кодексі құрылыс саласына қойылатын талаптарды күшейтіп, мемлекеттік бақылауды арттырады. Бұл тұрғын үйдің өзіндік құнының өсуіне және нарықтан ұсақ ойыншылардың кетуіне себеп болуы мүмкін. Қысқа мерзімде бұл фактор сұранысты ішінара төмендетсе, ұзақ мерзімде азаматтардың құқықтарын қорғау және тұрғын үй сапасының жақсаруына негіз болуға тиіс.