Жаңалықтар

Миллиардер Жұманбаев ірі алтын компаниясынан қомақты дивиденд алады

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең бай бизнесмендер арасында 21-орында тұрған миллиардер Владимир Жұманбаев алтын компаниясынан қомақты дивиденд алады. «Алтыналмас» компаниясы 2025 жылдың ІІІ тоқсаны үшін акционерлеріне 127,7 млрд теңге сыйақы төлейді. Жұманбев оның 25 пайыз акциясын иеленеді.

Бұл шешім «АК Алтыналмас» компаниясы акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған.

Соған сәйкес, қоғамның 2025 жылдың III тоқсаны бойынша таза табысының бір бөлігі акционерлер арасында бөлінеді. Дивиденд төлеуге 127 742 668 167 теңге көлеміндегі қаражат (салықтар ұсталғанға дейін) бағытталады. Таза табыстың қалған бөлігі бөлінбей, қоғамның қарамағында қалады.

Бір қарапайым акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері 13 047 теңге (салық ұсталғанға дейін) болып бекітілген.

Дивиденд алуға құқығы бар акционерлердің тізімі 2025 жылғы 28 желтоқсан күні нақтыланған. Төлем келесі күні басталды.

Сонымен қатар жалпы жиналыста қоғамның 2025 жылдың тоғыз айына арналған жеке қаржы есептілігі бекітіліп, директорлар кеңесінің құрамы бес адам болып айқындалды.

«Алтыналмас» АҚ – Қазақстандағы алтын өндіретін үш ірі компанияның бірі. Компания активтері Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан.

2024 жылдың соңындағы есеп бойынша, «АК Алтыналмас» АҚ-ның негізгі иесі – Gouden Reserves B.V. (Нидерландта тіркелген компания). Ол «Алтыналмас» компаниясының 67,5% дауыс беретін акцияларына иелік етеді. 22,5%-ы Владимир Жұманбаевқа тиесілі болса, 10%-ы өзге жеке тұлғалардың меншігінде.

Компанияның түпкілікті бенефициарлық иесі – Trustee Pte Ltd АҚ, ол Family Trust қоғамы атынан әрекет етеді.