Жаңалықтар

Париждегі наразылық: фермерлер 350 трактормен Элисей алаңына келді

фото: AP Photo/Emma Da Silva

Осы аптада Францияда фермерлер наразылыққа шықты. FNSEA және Jeunes Agriculteurs ұйымдарының шаруалары 350 трактормен Парижге кірді, деп жазады Euronews.

Тракторлар таңғы сағат 6-ы шамасында батыстан Парижге кіріп, полиция көліктерінің сүйемелдеуімен Фош авенюі арқылы Салтанат қақпасына бет алған. Содан кейін Элисей алаңы мен Георг-V авенюі арқылы Альма көпірінен өтіп, Орсе жағалауындағы митингіге барған. Тіпті жүк көліктері Францияның Ұлттық жиналысының алдына шамамен 30 тонна картоп төгіп тастаған.

Бұл наразылық – ел үкіметінің саясатына қарсылық. Осыған дейін ЕО мен МЕРКОСУР (Аргентина, Бразилия, Уругвай және Парагвай) арасындағы еркін сауда аймағын құру туралы келісім жасалған еді. Оны одаққа мүше мемлекеттердің басым көпшілігі мақұлдаған. Бірақ Франция, Польша, Аустрия, Венгрия және Ирландия шаруалары бұған қарсы болып отыр. Париж шаруалары Латын Америкасынан келетін арзан өнімдер ел нарығын жаулап алады деп қорқады.

Францияның Ауыл шаруашылығы министрі Анни Женевар фермерлердің ашуы қатты, ал талаптары «заңды» екенін мойындады. Олардың наразылығын үкіметте қарастыруға уәде берді.

Осыған дейін Германияда тұрғындарға 4 млн келі картопты тегін таратқаны жайлы жазған едік. Неміс шаруалары да осы акция арқылы өнімін сата алмай жатқанына наразылық білдірген.