Жаңалықтар

Астана танкерлерге жасалған шабуылды АҚШ, Еуропа елдерімен талқылады

Түркия Қара теңіз танкер өртенді дрон шабуылы
Қара теңіздің Түркия жағалауында өртенген мұнай танкері / фото: @denizcilikgm

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қара теңізде мұнай танкерлеріне жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме таратты. Онда ресми Астана елдің энергетика саласына нұқсан келтіретін осы оқиғадан соң шұғыл кездесулер өткізгені айтылған.

СІМ 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңізде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына бет алған үш танкердің дрондар шабуылына ұшырағанына алаңдағанын жеткізген. Соған байланысты ресми билік Батыс елдерімен шұғыл хабарласқан.

Мәлімдемеде Еуропаның бірқатар мемлекетінің елшілерімен, сонымен бірге АҚШ тарапымен шұғыл кездесулер ұйымдастырылғаны айтылған.

«Халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік» делінген министрлік мәлімдемесінде.

Сонымен бірге СІМ Қазақстанның «қандай да бір қарулы қақтығысқа қатыспайтынын», әлемнің энергетика қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Бұған қоса, шабуылға ұшыраған танкерлердің рұқсат құжаттары түгел екенін мәлімдеді.

Ресми Астана кейінгі кезде осындай келеңсіз оқиғалардың жиілеуі энергетика инфрақұрылымына төнген қауіпті арттырады деп есептейді. Сонымен бірге СІМ мүдделі тараптарды шабуылдарды болдырмау үшін «бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға» шақырды.