
Миллиардер Илон Маск қазір байланыссыз отырған Иран халқы үшін Starlink спутниктік интернетті тегін таратпақ. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Иран билігі халық көтерілісі күшейген тұста елде интернет пен байланысты сөндірген. Тұрғындар 120 сағаттан бері сыртқы әлеммен хабарласа алмай отыр.
Илон Маскінің SpaceX компаниясы ирандықтар үшін спутник көмегімен байланысу қызметін тегін ұсынып отыр.
Компания осы елде Starlink қызметіне төленетін ақыны алып тастады. Спутникпен байланыс орната алатын құрылғылары бар азаматтар оны тегін қолдана алады, деп мәлімдеді америкалық ұйымның атқарушы директоры Ахмад Ахмадиан.
Bloomberg-тің компания қызметімен таныс бір дереккөзі де қызмет тегін екенін растады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 28 желтоқсанда Иранда жаппай халық көтерілісі басталды. Оған ұлттық валютаның қатты құнсыздануы, елдегі терең экономикалық дағдарыс себеп болды. Артынша наразылық саяси сипат алып, азаматтар қазіргі билікті ауыстыру талабын қойып жатыр.
Соңғы мәліметке қарағанда халық көтерілісі кезінде 2 мыңнан астам адам қаза тапқан.