
Әкім Асайын Байханов басқаратын Павлодар облысы маса мен шыбын-шіркеймен күреске 13,6 млрд теңгенің тендерін 2025 жылдың аяғында жариялаған. Ал бүгін, 14 қаңтарда қомақты қаражатқа қатысты мемлекеттік сатып алу өтпей қалғаны мәлім болды. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.
Күмәнді тендерге кәсіби палауанның клинингпен айналысатын фирмасы мен Түркістан облысындағы ауылда тіркелген компания кірген еді.
Кәсіби палуанның компаниясы
Тендердің қорытынды хаттамасында ашық байқауға екі компания өтініш бергені айтылған. Олар:
- «В и К ЛТД» фирмасы;
- «ҚазақБитум» компаниясы.
eGov мәліметінше, «В и К ЛТД» компаниясының жалғыз қожайыны – Амри Багустар Қайратұлы. 1996 жылы Астана қаласында құрылған компания 2024 жылғы 24 қазанда қайта тіркеуден өткен. Фирма су құбырларын дайындаумен, клинингпен, сонымен бірге құрылыспен айналысады.

Ашық дереккөздерде Багустар Амри күреспен кәсіби түрде шұғылданғаны, тіпті «Ақсу Барысы-2023» атағын жеңіп алғаны туралы мәліметтер кезіктіруге болады. Ол қазақша күрес пен самбодан Павлодар облысының құрамасына да кірген.
Ал «ҚазақБитум» компаниясы, eGov мәліметінше, Түркістан облысы Төле би ауданы Киелітас ауылында тіркелген. Фирма жетекшісі – Әсел Селиханова. Жалғыш құрылтайшысы – «Ontustik-Битум» компаниясы. Шымкент қаласында тіркелген фирманың екі қожайыны бар: жоғарыда аты аталған Әсел Селиханова мен Қанат Құрмашев. Екі компания да мұнай өнімдеруін өңдеумен айналысады.
Тендер қорытындысы
Ашық байқау комиссиясының үш мүшесі «В и К ЛТД» фирмасына «рұқсат» беріп, «ҚазақБитум» компаниясын «қабылдамай» тастады. Үшеуі де оның себебін тендер «талабына сай емес» деп түсіндірді.
Байқауда бір ғана компания қалғандықтан, тендер ойнатылмады.
«Павлодар облысы аумағында қан соратын жәндіктердің популяциясын бақылау бойынша дезинсекциялық қызметтер көрсету мемлекеттік сатып алуды Конкурсқа қатысуға бір әлеуетті қатысушы жіберілуіне байланысты өтпеген деп тану» деп жазылған қорытынды хаттамада.
Естеріңізге сала кетейік, әкім Асайын Байханов басқаратын облыста бір ғана қызметтен тұратын лот мемлекеттік сатып алу порталында 2025 жылғы 22 желтоқсанда жарияланған. Сол кезде Kursiv.Media Қазақстан тарихында масамен күреске мұншама миллиард ешқашан бөлінбегенін анықтаған.
Ертесіне, яғни 23 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Kursiv.Media тілшісіне маса мен шыбын-шіркейге қарсы 13,6 млрд теңгенің күмәнді тендерін тексеретінін айтқан.