Қаңтар оқиғасы: үкімет азапталған азаматтан кешірім сұрап, 4,5 млн өтемақы төледі

Семей тұрғыны Тимур Ержанұлы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз ұсталып, жазықсыз қамауда отырғаны, абақтыда азапталғаны үшін 4,5 млн теңге өтемақы өндіріп алды. Бұған қоса, сот пен прокуратура одан кешірім сұрады. Kursiv.Media іс материалдарымен танысып, жәбірленуші азаматпен сөйлесті.
Абақтыда азапталған
Тимур Ержанұлы 2022 жылғы 8 қаңтарда ұсталып, Семейдегі тергеу изоляторына түскен. Оған «әкімшілік ғимаратты күшпен басып алу», «жаппай тәртіпсіздік жасау» айыптары тағылған. Техник-эколог ұсталғаннан бірнеше күн бұрын көппен бірге митингіге шыққан, бірақ 6 қаңтарға қараған түні Семей әкімдігіне шабуыл жасалған уақытта алаңда болмаған.
Астана қалалық сотының 2023 жылғы 19 маусымда шығарған үкімінде «полиция қызметкерлері заңсыз ұстағанда, тергеуде қысым көрсету кезінде оның денесінің бірнеше жерін жарақаттағаны» жазылған.
Алты ай тергеу изоляторында заңсыз отырып, қамауда азапталған азамат бірнеше жыл бұрынғы оқиғаның қалай болғанын бір күн бұрын әлеуметтік желіде баяндады.
«Менің ақталып шығуым – таза саяси шешім. Қамаудағы азаматтың сынбағанын, оны жазалауға ілік таппағанын түсінген уақытта ғана жүйе кері шегінді», – деп жазды Ержанұлы Facebook-тегі парағына.
Ол қаңтарда істі болған азаматтарға, туыстарына қысым жасалғанын, көбісі уақытынан бұрын босап шығу үшін тағылған айыптарды мойындауға мәжбүр болғанын айтты.
«Кінәңді мойындап, қол қойып бер. Сол кезде шартты жаза алып, үйге қайтасың» дейді туыстар. Көбісі бостандыққа шығу үшін шартты жазаға көнді. Ақыр соңында сотталған, жүйенің бақылауындағы адам болып қалды», – деп есептейді Ержанұлы.
Қысым туралы
Тимур еркіндікті шартты жазаға айырбастамағанын, өзін толықтай ақтап шығу үшін заң аясында күрескенін атап өтті.
«Тергеу барысында прокуратура мені процессуалдық келісім арқылы «жабуға» тырысты. Кінәңді мойындасаң, босап шығасың деді.
Олардың ойлағаны болмады. Амалсыз істі жабуға тура келді», – дейді ақталған азамат.
Қылмыстық іс 2022 жылғы желтоқсанда жабылған. Азаматтың құқығын адвокат Ербол Аққожа қорғаған.
Прокурор кешірім сұрады
Ержанұлы мен оның қорғаушысы 2023 жылы сотқа жүгініп, жазықсыз ұсталғаны, азапталғаны үшін 50 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуін талап етті. Астанадағы сот оның шағымын ішінара орындады.
«Абай облысы прокурының орынбасары мені жәбірлегені үшін жазбаша түрде кешірім сұрады. Қылмыстық сот төрағасы да мені қамауға алуға шешім шығарған тергеуші судьялар әрекеті үшін ауызша кешірім өтінді», – дейді 36 жастағы азамат.
Сот Ержанұлының конституциялық құқығы бұзылғанын, жазықсыз қамалғанын, азапталғанын ескере отырып, оған 4 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. Тағы 500 мың теңгені материалдық шығын ретінде белгілеген. Осылардың бәрін қоса есептегенде, Қаржы министрлігі Тимурға 4,5 млн теңге өтемақы аударған.
«Сот соның ішінде 500 мың теңгені адвокат қызметі үшін төледі. Қалған материалдық шығындарды дәлелдеу мүмкін болмады. Өйткені тінту барысында, тергеу изоляторындағы хаоста ешкім чек жинап жүрмеген», – дейді өтемақы одан да көп болуы мүмкін екенін айтқан Ержанұлы.
Сонымен бірге, Тимур «қауіпті» күдікті ретінде тергеліп жатқан уақытта мемлекет оған жәрдемақы төлеп тұрғанын айтып, бұны «әлеуметтік абсурд» деп сипаттады.
«2022 жылғы шілдеде абақтыдан шыққан соң, мен «Қазпоштадан» 50 мың теңге алдым. (қаңтар мен ақпанда жұмыссыз қалғаным үшін). Мемлекет мені бір қолымен қамап, екінші қолымен осылай жарылқаған».
Оның айтуынша, Семейдің тағы оншақты тұрғыны сот арқылы өтемақы өндіре алды.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы барысында, ресми мәлімет бойынша, 238 адам мерт болып, 4500-ден астам адам жараланды.