
Алматы қаласының төменгі ауданында, Үлкен Алматы өзені жағасында, Рысқұлов пен Райымбек даңғылдарының аралығында адамдар серуендейтін соқпақ жол ашылды. Alatau Terrenkur деп аталатын ғажап мекенді тұрғындар жоғары бағалады.
Түнгі шамдар мен орындықтар орнатылған жарық жол қазірдің өзінде демалысқа ыңғайлы орынға айналды.

Өзенді жағалай шағын сәулет нысандары да қойылған. Мәселен, көпшілік «Шаңырақ» арт-нысанын мақтады.
«Бұрын осы жерден жай ғана өтіп кететінбіз, ал қазір серуендейтін орынға айналды. Балалармен қыдыруға ыңғайлы, кешке серуендеу де жағымды – жарық, жинақы әрі қауіпсіз. Үйдің маңынан осындай кеңістіктердің ашылғаны қуантады», – дейді аудан тұрғындарының бірі.

Соқпақ жолға ағаш пен көгал егілді. Заманауи автоматты суару жүйесі енгізіліп, асфальт пен кеспе тас төселді.
Енді Алматы қаласында екі терренкур бар. Олардың бірі Кіші Алматы өзені бойында орналасқан. Қала тұрғындары «денсаулық соқпағы» деп атап кеткен жол 4,5 шақырымға созылып жатыр.