Honda жаңа логотипін таныстырды

Жапондық Honda Motor автоконцерні компанияның барлық автокөлік бағытына ортақ жаңа логотипін таныстырды.
Жаңа эмблема алдымен Zero сериялы электромобильдерге қойылады. Ал 2027 жылдан бастап Honda-ның барлық электр және гибрид үлгілерінде қолданылатын болады.
«Honda өз эмблемасын жаңартып, компанияның трансформацияға бет алғанын білдіргісі келеді. Бұл – Honda-ның түп негізінен асып, үнемі жаңа сынақтар мен жетістіктерге ұмтылуын көрсететін корпоративтік ұстаным. Жаңа дизайн екі қолдың алға созылған бейнесін елестетіп, Honda-ның мобильділікті дамытуға және автокөлік тұтынушыларының қажеттіліктерін шынайы қанағаттандыруға деген ұмтылысын білдіреді», – делінген компания мәлімдемесінде.

Жаңа логотипті Honda дилерлік орталықтарында және автоспортта да қолдану жоспарланып отыр.
Еске салсақ, Honda компаниясы АҚШ-та 2016–2021 жылдары шығарылған Civic маркалы шамамен 406 мың көлікті ерікті түрде кері қайтарып жатыр. Компанияның түсіндіруінше, көлікті кері қайтаруға өндірістегі ақау себеп болған.