Несие тарихы қалай жұмыс істейді және оны қалай жақсартуға болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Несие тарихын қалай білуге болады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Несие тарихы – сіздің қаржылық өткеніңіз туралы баяныңыз. Банктер бұрынғы несиелеріңізді қалай төлегеніңізге қарап, келешектегі төлем жасау қабілетініңізді болжайды. Тиімді бөліп төлеу, автонесие мен ипотеканың беріліп-берілмесі дәл осы несие тарихыңызға байланысты.

Өзіңіздің несие тарихыңызды қалай көре аласыз

Несие тарихыңыз жөніндегі жеке деректерді Freedom SuperApp қосымшасынан көруге болады. Ол үшін «Сервистер» бетіне кіріп, «Мемлекеттің қызметтер» бөліміне өтіп, «Несиелік есепті» басыңыз.

Қызмет ақылы – барлық несиелер және оларды қалай төлегеніңіз жөніндегі деректерді көру 400 теңге тұрады.

100 теңгеге өзіңіздің несие рейтингіңізді білуге болады. Осы арқылы қарыз алушы ретінде қаншалық сенімді тұлға екенініңізге берілген бағаны көре аласыз. Мәселен, «несие төлеу қабілті өте жоғары» деген жауапты алсаңыз, керемет. Бұл сізге банктердің несие беру ықтималдығы жоғары деген сөз. Тіпті банктер сізге несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету сынды жеңілдетілген шарттар ұсынуы мүмкін.

Несие рейтингі не үшін төмендеп кетеді

«Несие төлеу қабілеті өте төмен» болса, тиімді несие шарттары былай тұрсын, жалпы несие (сондай-ақ, жеңілдетілген автонесие мен жеңілдетілген ипотека) алу мүмкіндігінен қағыласыз.
Несиеңізді кешіктіріп төлесеңіз, несие рейтингіңіз төмендейді.
Төлемді 30 күнге дейін кешіктіру – банктерге жасалған ескерту. Олар клиенттің тұрақты түрде төлем жасай алмайтынын көреді.
Төлемді 30–90 күнге дейін кешіктіру – өте қауіпті. Ендігіде несие алу мүмкіндігі қатты төмендейді.
Төлемді 90 күннен артық кешіктіру – мұндай несиелерді банкирлер NPL 90+ деп атайды. Бұл төлемеген күні 90 күннен асқан, қиын клиенттер. Егер несиеңізді осыншалықты кешіктірсеңіз, жаңа несие алу мүмкіндігіңіз нөлге тең.

Жастар неліктен несие берілмейтіндердің тізіміне еніп жатыр

Статистикаға сүйенсек, несие төлемін 90 күннен артық кешіктіргендер сегментінде басым бөлігін 18–23 жас аралығындағы қарыз алушылардың құрап отыр. Бұл несие тарихы енді ғана қалыптасып жатқан жастардың үлесі артып келеді деген сөз.
Банктердің скорингтік үлгілері қосымша табыс я анда-санда түсетін аударымдарды «тұрақты кіріс» ретінде есептейді. Нәтижесінде, он тоғыздағы жастарға да тұтынушылық (жаңа смартфон немесе тағы басқа «қалаулары» үшін) несие беріле береді. Бірақ олардың іс жүзінде төлем қабілеті тұрақты емес. Ақырында жастар төлем уақытын өткізіп алып, қарызы жинала береді. Ал бірнеше жыл өткен соң, қарыз алушы отбасын құрып, бала-шағалы болып, шын мәнінде несиеге мұқтаж болғанда қолы байлаулы болады.
Бұл 19 жасыңда жаңа смартфон алу үшін несие алуға болмайды деген сөз емес. Әлбетте, болады. Ең бастысы – табысыңызды дұрыс есептеп, несиені уақтылы төлеп тұрсаңыз болғаны.

Несие тарихыңызды қалыпқа келтіруге бола ма

Несие тарихы сіздің әрекеттеріңіз туралы соңғы ақпарат алынған күннен кейін 5 жыл бойы сақталады. Сондай-ақ несие тарихыңыз жөніндегі ертеректегі деректердің жойылмайтынын тілге тиек еткен жөн (қажет болғанда несие тарихыңызға қатысты барлық ақпаратты алуға болады).

Несие тарихын жақсартуға болады. Ол үшін уақыт пен қаржылық тәртіп қажет. Жасалуы қажет негізгі әрекеттер мыналар:

  • ағымдағы кешіккен несиелеріңізді төлеңіз
    барлық несиелеріңізді уақытылы өтеңіз
  • борыштық жүктеме коэффицентін (БЖК) төмендетіңіз.

Бұл көрсеткіш ай сайынғы табысыңыздың қанша бөлігі несие төлеуге жұмсалатынын айшықтап береді. Мәселен, айлығыңыз 400 мың теңге болса және оның 160 мың теңгесін несие төлеуге жұмсасаңыз, онда сіздің БЖК-ыңыз 40% болады. Бұл тым жоғары көрсеткіш.

Несие тарихыңыз ақырындап жаңарады. Алайда тұрақты төлем жасап отырсаңыз – жақсара түсетіні анық дүние.

Аты-жөніңізді ауыстырып, несие тарихын жойып жіберуге бола ма

Аты-жөніңізді ауыстырсаңыз да, несие тарихыңыз жойылып кетпейді. Барлық жазбалар ЖСН-ға тіркелген және оны өзгерту мүмкін емес.

Айтпақшы, қазақстандықтардың көпшілігі банкке қарыздардың бірыңғай қара тізімі бар деп ойлайды. Шын мәнінде – ондай тізім жоқ. Банктер әр адамның мінез-құлқы мен несие тарихын жеке қарастырады.

Сондай-ақ оқыңыз