«Педофилдер баланы кездесуге шақырады»: депутат Roblox ойынын бұғаттауды талап етті

Amanat фракциясының депутаты Үнзила Шапақ Roblox ойын платформасының балалар психикасына кері әсері болуы мүмкін екенін айтып, Үкіметке қатаң шаралар қабылдауды, қажет болған жағдайда шектеуді ұсынды.
Оның айтуынша, бұл платформаны күн сайын шамамен 150 млн адам пайдаланады. Негізгі аудитория – кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер.
«Қазіргі таңда «Roblox» сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа», – делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жолдаған сауалында.
Балаларға қандай әсері бар
Депутаттың сөзінше, ата-аналар, мұғалімдер мен халықаралық сарапшылар тарапынан алаңдаушылық жиілеп келеді. Өйткені балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін.
«Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі. «Ойыннан от шығар» демекші, балалардың психологиялық дамуына мұндай факторлардың әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі ықтимал», – деп түсіндірді депутат.
Алаяқтар мен педофилдер балаларды құпия кездесуге шақырады
Үнзила Шапақ Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда алаяқтар мен педофилдер белсенді әрекет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, олар «хирургиялық дәлдікпен» құрылған тактика қолданады.
«Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады», –деп мәлімдеді мәжілісмен.
Көптеген мемлекетте Roblox платформасы бұғатталды
Депутаттың айтуынша, компания балалар үшін қауіпсіз орта жасаймыз дегенімен, секундына 50 мыңнан астам хабарламаның ағымын бақылау объективті түрде мүмкін емес.
Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты бірқатар мемлекеттер қатаң шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркия, Қатар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталды.
Осы орайда мәжілісмен келесі сұрақтарға жауап беруді сұрады:
- Қазақстанда Roblox платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты арнайы зерттеулер жүргізілді ме?
- Өзге елдерде Roblox платформасын бұғаттау тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда бұл платформаның қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?
- Сондай-ақ балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай нақты алдын алу шаралары қабылданып отыр?
- ІІМ, Бас Прокуратурада онлайн ойын платформалары арқылы алаяқтық, бопсалау сияқты құқық бұзушылық факторлары тіркелген бе?
Депутат ойын палтформасына қатысты бұл мәселе қоғамның, ата-аналардың және балалардың қауіпсіздігі тұрғысынан аса маңызды екенін ескертті.