Қазақстанда гигиена тауарлары мен тұрмыстық химия бағасы қымбаттады

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жеке гигиена заттары мен тұрмыстық химия бағасы айтарлықтай өскені байқалды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейбір тауар санаттарында жылдық өсім 11,2%-ға жетіп, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясынан әлдеқайда жоғары болған.
Тіс пастасы мен сабын бағасы шарықтады
- Сабын (100 г) бағасы 11,2%-ға өсіп, орта есеппен 596 теңгеге жетті. Ең қымбат баға Алматы, Атырау және Астана қалаларында тіркелді. Бұл өңірлерде бір дана сабын бағасы 700 теңгеге жуықтайды.
- Тіс пастасының (75 мл) құны 9,5%-ға артып, 1 257 теңгеге дейін жеткен. Таразда (+24,4%) және Шымкентте (+26,5%) бағаның күрт өсуі байқалды, бұл қалаларда паста бағасы 1 500 теңгеден асқан.
- Шампунь (200 мл) бағасы 8,9%-ға көтерілген. Ел бойынша орташа баға – 1 310 теңге. Шымкентте бұл өнімнің бағасы 1 515 теңгеге дейін өскен.
Жуу ұнтағы
500 граммдық жуу ұнтағының орташа бағасы 4,8%-ға өсіп, 850 теңгеге жетті. Орташа өсім бірқалыпты болғанымен, ірі қалаларда баға әлдеқайда жоғары:
- Алматы – 960 теңге
- Ақтау – 917 теңге
- Қостанай – 906 теңге
Балалар сабыны күрт қымбаттады
Республика бойынша балалар сабынының бағасы орта есеппен небәрі 1,2%-ға ғана өскенімен, кейбір мегаполистерде күрт қымбаттау байқалды. Астана мен Шымкентте бұл тауардың бағасы бір жылда 19%-ға жуық өскен.
Айта кетейік, 2025 жыл Қазақстанда ішкі сауда көлемі артқанымен, оның өсу қарқыны алдыңғы жылмен салыстырғанда баяулады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр ішкі сауда 8,9%-ға өсті. Бұл 2024 жылғы 9,1%-дық өсімнен төмен көрсеткіш.