Жаңалықтар

20 тісін емдеткен соң, көз жұмған бүлдіршін ісі: 9 ай бойы тергеу жүргізілмеген

Баланың өлімінен кейін тоғыз ай тергеу жүргізілмеген/фото: shutterstock

Алматыдағы стоматологияда «Севоран» наркозын салғаннан кейін, үш жастағы бала қайтыс болды. Жеке тіс емханасында мамандар бүлдіршіннің 20 тісін емдеген. Бес жарым сағатқа созылған операциядан кейін бала оянған, алайда жүріп-тұра алмаған.

Бастапқыда қылмыстық іс қозғалған, алайда «қылмыс құрамы жоқ» деген желеумен бірнеше айдан кейін істі жауып тастаған. Араға тоғыз ай салып, тергеу жүргізілетін болды. Бұл туралы баласынан айырылған отбасының адвокаты Инга Иманбай айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media тілшісі.

Үш жастағы баланың қазасы

Адвокаттың сөзінше, қайғылы жағдай 2025 жылдың сәуірінде болған.

Ерлі-зайыпты Алматыдағы тіс емханаларының біріне үш жастағы ұлын алып барған. Сол жерде 20 тісін емдеу қажет екені айтылған. Мамандар «Севоран» наркозын салып емдейтіндерін, операция 1-2 сағатқа созылатынын айтқан.

«Ата-анасы дәрігерлерге сеніп, наркоз салуға қарсылық білдірмеген. Алайда балаға қатысты медициналық қателіктер сол жерде басталған. Балаға наркоз салудан бұрын бірнеше тексеруден өткізу қажет, бірақ оның ешқайсысы жасалмаған. Балаға электрокардиография (ЭКГ) жасады деген ақпарат бар. Алайда педиатр тексеруінен өткізбеген», – дейді адвокат Иманбай.

Марқұм баланың ата-анасының айтуынша, операция 5,5 сағатқа созылған.

«Бес жарым сағат бойы 20 тісін емдеген. Бала ұйықтап жатқан кезде «Севоран» дозасын көбейткен, яғни екінші рет наркоз салған. Ата-анасы түске дейін күткен. Операция біткен соң, бала оянбаған. Біраз уақыттан кейін «оянды» деп айтқан, бірақ бала көзін ашпай, есін дұрыс жимаған. Соған қарамастан дәрігерлер баланы алып кетуге рұқсат берген. Бала өз аяғымен шықпаған, ата-анасы көтеріп алып кеткен», – дейді адвокат.

Емхана жедел жәрдем шақырмаған, медициналық мекемеге жүгінуге кеңес бермеген. Баланың жағдайы үйінде де жақсармаған.

«Ата-анасы «Неге балам оянбай жатыр» деп стоматологияға бірнеше рет хабарласқан. Бала ас-су ішпей ұйықтай берген. Дәрігерлер «наркоздан кейін солай болады, күтіңіздер» деп жауап қайырған. Түнде баланың жағдайы нашарлаған, ауруханаға жеткізгеніне қарамастан, бала қайтыс болып кеткен», – дейді ол.

Қылмыстық істі жауып тастаған

Баланың қазасынан кейін қылмыстық іс 2025 жылдың 11 сәуірінде тіркелген. Алайда тиісті тергеу әрекеттері жүргізілмеген, сот-медициналық сараптама жасалмаған. Мұндай жағдайда дәрігерлердің әрекеті мен әрекетсіздігіне баға берілуге тиіс.

«Наурызбай ауданы полициясы ешқандай әрекет жасамай, 10 шілдеде ата-анасына хабар берместен істі жауып тастаған. Олар «қылмыс құрамы жоқ» деп көрсеткен. Екі ай өткен соң, ата-анасы полициядан ақпарат ала алмаған. Кейіннен Наурызбай ауданы прокуратурасы полицияның істі жабу туралы қаулысын мақұлдағанын көрген», – дейді Инга Иманбай.

Әділ шешімнен күдер үзген сәтте ата-ана Астанадағы сот туралы естиді. Ол кезде Зере Есентайдың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатқан.

Тергеу басталады

Содан кейін марқұм баланың ата-анасы заңгердің көмегіне жүгініп, сол арқылы тергеуді қайта бастауға қол жеткізді.

«Алматы прокуратурасына арыздандық, мамандар көрсеткен уәжімізге келісті. Істі қайта ашып, Алматы қаласы полициясына тапсырылды. Қазір тергеудің басталуын күтіп отырмыз», – дейді маман.

Қазір істе күдікті жоқ. Стоматология мамандары әуелі қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде тергеуге қатысады. Тергеу барысында дәрігерлердің әрекетіне баға беріліп, сараптама қорытындысына сүйеніп, соның негізінде айып тағылады.

Астанадағы қайғылы жағдай

Астанада 2024 жылдың 30 қазанында үш жастағы Зере Есентай Dental Park Ortho стоматологиясында қайтыс болды. Бүлдіршіннің 9-11 тісін емдеу үшін «Севоран» наркозы салынған. Алайда қыз «ұйықтап» жатқан кезде жоспар өзгеріп, стоматолог оның 18 тісін емдеген. Емдеу жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағатқа созылған. Бүлдіршін емхана ішінде оянбай қалған.

Бірнеше айға созылған сотта балаға «Севоран» препаратын салған анестезиолог Аида Жұмағалиева екі жылға бас бостандығынан айырылды. 3 жыл медициналық қызмет көрсету саласында жұмыс істей алмайды. ҚР «Рақымшылық туралы» заңына сәйкес Аида Жұмағалиева тағайындалған негізгі жазадан босатылды.