Жаңалықтар

Әлеуметтік азық-түлік тізімін кеңейтуге ұсақ дүкендер қарсы: министрлік не дейді

Қазақстандықтардың азық-түлік үшін алған қарызы жалпы көлемнің 10%-ына жеткен / фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: kursiv.media мұрағаты

Әлеуметтік маңызы бар азық түрлерінің тізімін арттырса, үй жанындағы ұсақ дүкендер «банкрот боламыз» деп қорқып отыр. Соған қарамастан Сауда және интеграция министрлігі өз ұстанымында қалғысы келеді.

Ұсақ дүкендердің шағымын жақында «Ақ жол» партиясы депутаттары көтеріп, Сауда және интеграция министрлігіне сауал жолдаған еді. Министрлік ұсақ дүкендерге мемлекеттік қолдау шаралары барын айтады.

Ведомство дүкен иелері алатын кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланатынын, банктер берген кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін кепілдендіруге болатынын хабарлады. Сондай-ақ инвестициялық салымдар кезінде, сауда нарықтарын жаңғыртуға, айналым қаражатын толықтыруға, кооперативтік дүкендерді дамытуға да сұраса қаражат берілетінін атап өтеді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі жауапты тәсілді талап етеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың сатып алу қабілетін қорғау үшін ӘМАТ маңызды. Бағаны реттеу тек сауда субъектілерінің жекелеген санаттарына таңдамалы түрде қолданыла алмайды. Үй жанындағы дүкендерді бағаны бақылаудан босату, сондай-ақ ӘМАТ-тың кеңейтілген тізбесін тек ірі сауда желілерімен шектеу туралы ұсынысты іс жүзінде жүзеге асыру мүмкін емес. Мұндай шаралар бәсекелестіктің тең жағдайлары қағидаттарын бұзып, базалық азық-түлік бағасының өсу тәуекелдерін туғызар еді», – дейді Сауда және интеграция вице-министрі Бижанова депутаттарға берген жауабында.

Министрліктің мәліметінше, тізімді кеңейту – уақытша шара. Ол баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және нарықта түсінікті және болжамды жұмыс жағдайларын қалыптастыруға ықпал етуге арналған. Ведомство осы арқылы инфляцияны тежегісі келеді.

«Халық үшін мұндай шаралар айтарлықтай оң әсер етеді. Бағаның өсуін шектеу және баға белгілеудің неғұрлым ашық ережелерін белгілеу есебінен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігі артады», – дейді Бижанова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Олжас Нұралдинов бастаған «Ақ жол» депутаттары Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін 19-дан 33-ке дейін көбейтуге қарсы екенін мәлімдеген еді. Оларға үй жанындағы ұсақ дүкендердің иелері осындай шағым түсірген.

Ұсақ дүкендер егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізімі ұзарып кетсе, баға арзан болғанынан банкротқа ұшыраймыз деп есептейді. Ал егер министрлік бәрібір арттыруға бекінген жағдайда депутаттар Әлеуметтік азық-түлік корпорациялары арқылы үй жанындағы дүкендерге арзан несие беру мәселесін қарастыру керек деп бастама көтерген.