Қазақ даласындағы «Дубай»: Алатау қаласына 25 жылда 10 трлн теңге инвестиция салынады

2050 жылға дейін Алатау қаласының инфрақұрылымына 10,4 трлн теңге инвестиция салынбақ. Оның ішінде 2030 жылға дейін 3,1 трлн теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сәйкес, Алатау қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізіліп, инженерлік желілердің салалық схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және инфрақұрылымдық дамудың жол картасы бекітілген.
Жол картасының бірінші кезеңінде 2026–2027 жылдары жалпы құны 365,1 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылады. Бұл кезеңде қосалқы стансалар, су жинау торабы, газ құбырлары, сондай-ақ қолданыстағы инженерлік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және жаңа объектілер салу жоспарланған.
Екінші кезең 2028–2030 жылдарды қамтиды. Бұл уақытта 312,5 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, екі қосалқы станса, автоматтандырылған газ тарату стансасы бар газ құбыры, кәріз тазарту нысандары және 49 шақырым автомобиль жолы салынады.
Инфрақұрылымды дамыту бюджет қаражаты есебінен ғана емес, жеке инвестициялар мен EPC-келісімшарттар арқылы да қаржыландырылады.
Сонымен қатар Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба тізімі бекітілген. Оның 20-сы іске асырылып жатыр. Жобалар логистика, құрылыс және өнеркәсіп, туризм мен тамақ өнеркәсібі салаларын қамтиды.
Үкімет басшысы салық реформасынан түскен қаражат қаланы дамытуға жұмсалатынын айтқан
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қажетті қаражат бөліп жатыр. Біз мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру үшін салық реформасын жүргіздік. Бұл қаражат бізге инфрақұрылымға салу үшін қажет. Бұл ақша ешқайда кетпейді, тікелей экономикаға салынады. Егер мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, онда инвесторлардың сенімі артып, келе бастайды. Даму осыдан басталады. Басқа жол жоқ. Сондықтан, біз инвестиция саламыз және осы жылдан бастап бюджеттің мүмкіндіктері басқаша болады. Бірге жұмыс істейтін боламыз», — деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Алматы маңында Дубай, Сингапур, Тяньцзинь үлгісіндегі шаһар бой көтереті жайлы Әлихан Смайылов үкімет басшысы болып тұрған 2023 жылы айтылған. Сол кезде шаһардың бас жоспары әзірленіп, қала негізінінен 5 мақсатты қамтитыны жазылған болатын.
Алатау – Қазақстандағы алғашқы ақылды қала болмақ. Алматымен екі араны жалғау үшін әуе таксилері де қосылады деген жоспар бар. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл қала шетелдіктер визасыз жүретін «қазақстадық Дубайға» айналатынын мәлімдеген.
Депутаттар Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасын алды.