
Қаңтар айының ортасынан бастап Алматы хайуанаттар бағына кіру билеттері қымбаттады. Kursiv LifeStyle баға қаншалықты өзгергенін анықтады.
Жаңа бағалар 15 қаңтардан бастап күшіне енді. Енді билет құны:
- Ересектер үшін – 1 427 теңге;
- Балалар үшін – 562 теңге.
Зообақ өкілдерінің түсіндіруінше, бағаның көтерілуі мекемені дамыту жоспарларымен байланысты. Жақын арада ескі вольерлерді қайта жаңартып, жаңа әрі кең вольерлер салу және жануарларды ұстау жағдайын оңалту жоспарланған. Сондай-ақ, келушілер үшін жаңа білім беру және интерактивті бағдарламалар іске қосылмақ.
Осы жылдың басында Алматыдағы хайуанаттар бағын көшіреді деген жаңалық шыққан еді. Бірақ әкімдік оны жоққа шығарды. Басшылықтың түсіндіруінше, зообақ ешқайда көшпейді, керісінше халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғыртылады.