Астанада 82 жастағы зейнеткер 20 жылға сотталды

Астана сотында 82 жастағы зейнеткерге сот үкімі шықты. Ол жеті жастағы шөбересін зорлағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы «НеМолчи» қоры жазды.
Іс Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі негізінде қаралған. Қария қылмысты үйдің ішінде, қыз жеті жасқа толған күні жасаған. Туыстары бір үйге жиналып, 2025 жылдың 6 сәуіріне қараған түні қыздың туған күнін тойлаған.
«Ер адамды қылмыс үстінде туыстарының бірі ұстаған. Олар сотқа куә ретінде қатысты. Оның кінәсі сараптама нәтижесі арқылы да дәлелденді», – делінген ақпаратта.
Қордың жазуынша, зейнеткер қандай әрекет жасап жатқанын анық түсінген. Туыстары қылмысын көрген сәтте оқиға орнынан қашып кеткен. Оны бір күн ішінде полиция ұстаған.
Істе жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокат Азамат Сағалдың сөзінше, прокурор зейнеткерді 25 жылға соттауды сұраған. Ал қыздың жақындары айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.