Бүтін бір отбасы жоғалып кеткен Жангелдин ауылының тыныс-тіршілігі – фото

Атырау облысында бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Отбасының ұл-қыздарынан әлі күнге дейін хабар жоқ.
KursivMedia тілшісі қылмыс болған Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылына барып, оқиғаның мән-жайын біліп көрді. Ауыл көшелері тыныш, әрі-бері жүрген адам байқалмайды.

Ауыл аудан орталығынан он шақырым жерде орналасқан. 297 үйде 1 563 адам тұрып жатыр. Халық шаруашылықпен айналысады, мемлекеттік мекемелер, мәдениет үйі мен спорт мектебі жұмыс істеп тұр.

Жангелдин ауылы әкімі Ғайса Қанаттың айтуынша, бұрын-соңды ауылда мұндай қылмыс болмаған.
«Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның үш баласы бар. Ауылдағы үйде төрт адам тұрды. Екеуі де зейнетте. Үлкен қызы Мейрамгүл мен ұлы Наурыз қолында тұратын. Екеуінің де үшінші топтағы мүгедектігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандар. Жұмыссыз. Үшінші қызы Ақбаян тұрмыста», – дейді ауыл әкімі.

Отбасының отыз бас қой-ешкісі болған. Он шақты ірі қарасы бар.
«Ұлы Наурыз анасын емдету үшін WhatsApp арқылы мал сатқан. Қыркүйек-қарашада сата бастаған. Әуелі қой-ешкі сатып, кейіннен екі ірі қараны сатыпты. Малды ауылдағы кәсіпкерлер сатып алған. Екі тарап бір-бірін көрмеген, бәрін телефон арқылы шешкен», – дейді Ғайса Қанат.


Айтуынша, 2025 жылдың 2 қарашасында отбасының кенже қызы Ақбаян мен күйеу баласы ауылға келген. Бесінші қарашада кеткен.
«Көршілерінен хабар болмады. Осындағы ағайындары дабыл қаққан. Наурызға WhatsApp арқылы «Ауылда түнде боран болды. Наурыз, қайдасың? Малың не болып жатыр? Газ жанып тұр ма?» деп жаздым. Желтоқсан кезі еді. «Алаңдамаңыз, тапсырып қойдым» деп жауап берді», – дейді ауыл әкімі.

Отбасының хабарсыз кеткенін туралы ақпарат тараған соң полиция екі адамның ауылдан шықпағанын айтқан. Сол себепті іздеу жұмыстары ауыл ішінде жүргізілген.
«Ол кісілерді өз үйінен іздеу туралы ой болмады. Еріктілер, ішкі істер органдарының мамандары екі күн іздеді. Баруы мүмкін деген жерлерден іздедік. Су маңын, қоқыс төгетін аймақты қарадық. Соңында сүйегі сарайдан 5 қаңтарда табылды», – дейді ауыл әкімі.
Айта кетейік, отбасының кенжесі Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланған.