Шымкентте үнді студентін балағаттаған жігіт істі болды

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқитын үндістандық студенттің ұялы телефонын тартып алып, балағаттаған күзетшіге айыппұл салынды. Ол Әкімшілік кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен жазаланған.
Сотта анықталғандай, оқиға 11 қаңтар күні «Қырғы базарында» болған.
«Құқық бұзушы жәбірленушіні дөрекі сөздермен балағаттап, ұялы телефонын қолынан жұлып алып, қоғамдық орында мазасын алып қоғамдық ортаны сыйламаушылық танытқан» делінген қалалық соттың баспасөз хабарламасында.
Құқық бұзушы кінәсін мойындаған, жәбірленуші оған кешірім берген. Сот құқық бұзушыны кінәлі деп танып, 20 АЕК айыппұл салған. Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, бұдан бұрын үндістандық студент әлеуметтік желіде әлімжеттік көргенін мәлімдеген. Полиция базарда шетел азаматы мен күзетшілердің арасында жанжал болғанын растаған. Оған шетелдік студенттің әлеуметтік желідегі парақшасына бейнежазба жариялау мақсатында видео түсіргені себеп болған.