Жаңалықтар

Ислам банкі таратылса, инвестициялық депозиттер қандай қаржы ұйымына беріледі

Ислам банкингіне қатысты талаптар қайта қаралды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда ислам банкингіне қатысты маңызды тәртіп жаңартылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ислам банкі таратылса немесе оның филиалы жабылса, инвестициялық депозиттер қай банкке қалай берілетінін қайта қарады. Бұл шешім «Банктер және банк қызметі туралы» заңды орындау аясында қабылданып, 2009–2021 жылдары қолданылған ережелердің күшін жойды.

Не өзгерді

Енді ислам банкі нарықтан кеткен жағдайда оның мүлкі мен салымшылар алдындағы міндеттемелері кез келген банкке емес, нақты талаптарға сай келетін банкке ғана беріледі. Қабылдайтын банк қаржылық тұрғыдан тұрақты болуы, шығынға батпаған және санкцияға ілікпеген болуға тиіс. Сонымен қатар қаржы ұйымы инвестициялық депозиттермен жұмыс істеуге ресми лицензиясы болуы қажет.

Ең маңыздысы қабылдау-беру актісіне қол қойылған сәттен бастап таратылып жатқан банктің депозиттер бойынша жауапкершілігі тоқтайды. Ал салымшыларға таңдау беріледі: олар жаңа ислам банкінде қызметін жалғастыра алады немесе депозиттегі қаражатын мерзімінен бұрын қайтарып алуға құқылы.

Құжатта тағы не қарастырылған

Жаңа ережелер тек ислам депозиттерімен шектелмейді. Құжатта банк секторындағы бірнеше маңызды процесс нақты жазылған. Атап айтқанда, банкті немесе банк холдингін ерікті түрде қайта ұйымдастыру тәртібі, банкті ислам банкіне айналдыру шарттары, сондай-ақ жекелеген банк операцияларын ғана жүзеге асыратын ұйымға көшу жолдары көрсетілген.

Сонымен бірге банкті ерікті түрде тарату, банк бейрезидент филиалының қызметін тоқтату және жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару немесе оларды басқа банкке көшіру тәртібі де осы құжатта айқындалған.

Ислам қаржыландыруы – бұл шариғат қағидаларына негізделген қаржы жүйесі. Ол пайыздық табысқа (риба) тыйым салып, қаржылық қатынастарды әділдік пен тәуекелді бөлісу принципіне қарай құрады. Яғни, мұнда ақша сауда немесе нақты экономикалық қызмет арқылы ғана табыс әкеледі, ал жай несие беріп, үстінен пайыз алу заңсыз болып есептеледі.

Қазақстандағы екі банк ислам ипотекасын іске қосатынын мәлімдеген. Олар – «Заман Банк» Ислам банкі» және Al Safi Bank.